Мұнай-газ химиясы өндірісінің көлемі 589,7 мың тоннаға дейін өседі

Фото: pixabay

Биыл өнім шығару көлемі 589,7 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Astana TV

2024 жылдың қорытындысы бойынша 540 мың тоннаны құрады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артық. Өндіріске негізгі үлесті «KPI», «Нефтехим Ltd. компаниясы», «Шымкент химия компаниясы» және «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС қосады.

Қуаттылықты одан әрі ұлғайту ауқымды жобаларды жүзеге асыру есебінен қамтамасыз етілетін болады. Атап айтқанда, полиэтилен өндіру жобасы бойынша белсенді құрылыс жұмыстары жүргізілуде, ал алкилат, бутадиен және карбамид шығаратын зауыттар жобалау сатысында.

Саланың жүйелі дамуын қамтамасыз ету үшін «Мұнай-химия өнеркәсібі туралы» Заң жобасы әзірленуде, бұл сектордың ұзақмерзімді өсуі және инновациялық технологиялық шешімдерді енгізу үшін қажетті ашық және болжамды реттеулерді қамтамасыз етеді.