Зеленский Трамптан қысым көріп отыр

АҚШ қайтадан венесуэлалық кемені жойып жіберді. Трамп әкімшілігі мен қорғаныс министрлігі өз ішінде де сынға ұшырады. Ал, Мадуро болса, Трампты билеп жүріп жеңемін, - дейді. Тіпті, қалай билейтінін де көрсетті. Украина Президенті Зеленский АҚШ тарапынан қысымға ұшырап жатқанын ресми түрде растады. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

АҚШ тағы бір венесуэлалық кемені жойып жіберді. Ал Президент әкімшілігі мен қорғаныс министрлігі журналистер сұрағының астында қалды. Бірақ, олар наркокартель мүшелері деп, міз бағатын емес.

КЭРОЛАЙН ЛИВИТТ, АҚ ҮЙ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Мемлекеттік департамент Венесуэла билігін лаңкестіктің демеушісі деп таныды. Ал, Николас Мадуро наркокартельдердің басшысы екеніне де дәлел көп. Сондықтан, қауіпті деп танылған венесуэлалықтардың көзін жоюға толық құқығымыз бар.

Дәл осылай билеп қана Трампты жеңемін. Николас Мадуро АҚШ агрессиясына қарсы өз жоспарын таныстырды. Бірлігі бекем елді әлемнің үздік армиясы да ала алмайды деп халық алдында Венесуэла Президенті ұрандатты.

НИКОЛАС МАДУРО, ВЕНЕСУЭЛА ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен Уго Чавеске өлер алдында ант бергенмін. Бізді ешқашан және ешкім жеңе алмайды деп. Қажет болса, қаһарман халқымыз өз ерлігін көрсетеді.

Владимир Зеленский Трамп әкімшілігі тарапынан қысым көріп жатқанын ашық айтты. Украина Президентінің сөзінше, аумақтық тұтастыққа қатысты мәселелер екі апта келіссөзге қарамастан толық шешілмеген.

ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:

Швейцариядағы да, АҚШ аумағындағы келіссөздеріміз де жақсы басталып келіп, бір сәтте аласапыран болып кетіп жатыр. Барлық пунктты талқылап болып, ел шекарасына келгенде ұрыс-керіспен жалғасты. ПрезидентТрамп өкілдері біздің бірнеше қайтара айтқанымызбен сес көрсетуге дейін барып жатыр.

Болгарияда он мыңдаған адам наразылық акциясына шығып, полицейлермен қақтығысты. Халық биліктің 2026 жылғы бюджет жобасына және ондағы салық саясатына қарсы шығып отыр. Жергілікті тұрғындар онсыз да Еуроодақтың ең кедей елінде, халықтың әл-ауқаты төмендей түседі деп қауіптеніп отыр.