Дәрі-дәрмек бағасы 300 процентке арзандады

Дәрі-дәрмек бағасы 300 процентке арзандады. Нақтырақ 66 түрлі препараттың ақысы төмендеген. Оның ішінде қымбат онкологиялық ауруға қолданылатындары да бар. Бірақ тұрғындар министрліктің айтқан бұл сөзімен келіспейді. Керісінше, соңғы кезде барлық тауар қымбаттап, тіпті, тапшылық барын айтып жүр. Бұл сын Үкімет басшысының да құлағына жеткен. Бектенов бизнес өкілдеріне қатаң ескерту жасады. «Құнды өсірмейтіндерді ғана қолдаймыз» деп шегеледі. Енді осыдан кейін елдегі мәселе шешіле ме? Жалпы өндеу өнеркәсібі қалай дамып жатыр? Аружан Задабек жалғастырсын.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, белімізді ала алмай, білегіміз қақсаса, қысқасы, берекеміз қашса дәрі іздеп әлекке түсеміз. Бұл “әлек” әсіресе соңғы 1 айда қатты байқалды. Елде тұмау күшейіп, бірінен кейін бірі бүк түсіп, төсекке танғанда жұрт дәріхананың есігін күзетіп, керегін таппай абдырады. Денсаулығым үшін жан пида деген тұрғындар бағасына қарамай алуға дайын болды. Бірақ керегі табылмай, қала, облысты қойып, шетелден алдыруға тырысты.

Сөзімізге дәлел - осы. Әлеуметтік желіні ашып қалсаң дәрі іздеген халық та.

Ондай препарат жоқ деп айтудан шаршаған фармацевт те көп.

Дәріханаларда ыстықты түсіретін дәрілер, антибиотиктердің тапшылығы сезілді. Қарапайым масканы таба алмадық дегендер де бар. Бірақ тиісті министрлік бұдан хабары жоқ сыңайлы. Жағдай тұрақты, тапшылық жоқ деп есеп берді.

АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

10 айдың қорытындысы бойынша қазақстандық кәсіпорындар өндіріс көлемін 11,7 пайызға арттырып (2024 жылдың 10 айында – 140,2 млрд теңге, өсім – 16,4 млрд теңге), 156,6 млрд теңгеге (305 млн АҚШ доллары) жетті. Көрсеткіштердің өсуі – дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндіретін жаңа өндірістік желілердің іске қосылуының нәтижесі.

Керісінше, өндіріс өсіпті. Министрлік 36 млрд теңгені үнемдеген. Баға саясатында ретке келтіруге тырысып-ақ жатыр. Препараттардың құны 50 пооценттен 300 пайызға дейін арзандады дейді. Осылайша “дертке дауа дәрмектердің бағасына дауа жоқ” дегендердің аузына құм құюға ниетті. Тіпті, осы мақсатта импортталатын тауар ҚҚС-нан босатылған.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Отандық фармацевтикалық өндірушілерге айтарым, біз сіздерді әрі қарай да қолдаймыз. Оған ешқандай күмән болмасын. Бірақ мемлекеттік қолдау шаралары сапалы медициналық өнімді жеткізетін  және бағаны жасанды түрде өсірмейтін  нарықтың адал қатысушыларына ғана көрсетіледі.

Дәл осылай азық-түлікке келгенде де мәселе көп. Өндіріс жыл басынан бері 3,1 триллион теңгеге жеткен. Өсім - 9,1 процент. Экспорт 2,5 миллиард долларға артты. Ұн, май, сүт бәрі көбейген. Енді логикаға салсақ, тапшылығы жоқ тауар себепсіз қымбаттамауы тиіс. Бірақ дүкендегі жағдай бұл талапқа сай емес. Үкімет тиісті шараларды қабылдап жатыр. Кәсіпкерлерге “естеріңді жиыңдар” деп ескерту жасағаны да  есте. Десе де өзгені ысырып, тек өзін ойлайтын бизнес өкілдері қалтасын қампайту үшін бұл норманы пысқырар емес.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

Ұн өндірісі 2,8 млн тоннағажетіп, өткен жылдан 7%-ға ұлғайды, өсімдік майы- 21,7%-ға өсіп, 726 мың тонны құрады, сүтөндірісі - 4,7%-ға өсіп, 550 мың тоннаға жетті, жарма 10%-ға, шұжық өнімдері 7,8%-ға өсті.

Мұнай өңдеу көлемі артып келеді. 2040 жылға қарай заманға сай отын-мұнай-химиялық конфигурацияда қуаты 10 млн тонна мұнай өңдейтін ірі зауыт іске қосылады.

ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Өңдеу қуатын кеңейту жобалары бойынша, мұнай өңдеу саласын дамытудың тұжырымдамасына сәйкес 2025 – 2032 жылдар аралығында мұнай өңдеу көлемін жылына 18-ден 30 млн. тоннаға дейін ұлғайту жұмыстары басталды.

Баға мен тапшылықты реттеу айналып келкенде өнеркәсіпке келіп тіреледі. Статистикаға сенсек, біздегі бұл салада бәрі жақсы. 24 триллион теңгеден асқан өндіріс, 5,8 пайыз өсім бар. 147 жаңа жоба іске қосылды. Автокөлік құрастырдық, алюминий шығардық, тіпті қаптама да жасадық.