Талдықорғанда «AMANAT» партиясы, мәслихат және Қоғамдық кеңес өкілдері Жетісу облысындағы білім беру нысандарына жүргізілген қоғамдық мониторингтің нәтижесін таныстырды. Тексеру барысында 443 білім беру мекемесінде инфрақұрылымның тозуы, бейнебақылау жүйелерінің істен шығуы, асхана жұмысы мен қауіпсіздік талаптарының сақталмағаны байқалды. Тіпті, 56 нысан 30 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Ал кейбір мектептер мен балабақшаларда бейнекамералардың жартысынан көбі істемейтіні белгілі болды. Жиында бұл олқылықтар білім сапасына және балалардың қауіпсіздігіне әсер ететіні айтылды.
ДИАС ЕСДӘУЛЕТОВ, ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Сонымен қатар балалардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, суицидтің алдын алу және де білім беру орындарындағы психолог қызметін жетілдіру мәселелеріне де ерекше назар аудары қажет деп санаймын. Осы орайда білім басқармасына баяндамада айтылған кемшіліктерді жою үшін қажетті шараларды қабылдауды сондай-ақ аталған бағыттар бойынша толық әрі нәтижелі ұйымдастыру үшін, келесі жылдың бюджетін нақтылау үшін тиісті қаражат қарастыруға ұсыныс беріңіздер. Мәслихат депутаттарымен бірлесіп, шешім қабылдаймыз.