ШҚО-да психотроптық заттарды сатумен айналысқан азамат ұсталды

Психотроптық заттарды заңсыз сақтады

ШҚО-да психотроптық заттарды сатумен айналысқан азамат ұсталды. ШҚО полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері кинологиялық қызмет орталығымен бірлесіп, тыйым салынған интернет-дүкенінің қойма-ораушысы ретінде жұмыс істеген, өзге облыстан келген 26 жастағы азаматты ұстаған. Жедел жүргізілген тінту барысында оның пәтерінен 132,52 грамм α-PVP және 286,48 грамм мефедрон, жалпы салмағы 419 грамм болатын психотроптық заттар тәркіленді. Сондай-ақ электрондық таразылар, көптеген зип-пакеттер және изолента орамасы табылып, айғақ зат ретінде алынды. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция психотроптық заттарды заңсыз сақтау, тарату немесе дайындаумен айналысқан адамдардың заңмен қатаң жазаланатыны туралы ескертеді. Күдік тудыратын кез келген әрекеттер туралы тез арада полицияға хабарлауға шақырады.