Ақтөбеде пойыз бастығын пышақтап өлтірген адам 20 жылға сотталды. Сондай-ақ, марқұмның отбасына 10 млн теңге моральдық өтемақы төлеуі тиіс. Қанды оқиға тамыз айында болған. 28 жастағы сотталушының қылмысы бейнекамераға жазылып қалған. Марқұм вокзал алдындағы гүлзарда келе жатқанда алдынан жігіт шығып, шылым сұрайды. Темекі бермеген соң, сол жерде 6 рет пышақ сұғып алыпты. Вокзал аумағындағы бейнекамераға қарап қойып, пышақтағы қанды сүртіп, өз жөніне кете барған көрінеді. Ол бұған дейін де сотталып, пробация бақылауында жүрген.Сотта марқұмның өзін балағаттап, бірінші болып жұдырық ала жүгіргенін, ал өзінің қорғанғанын айтты. Алайда істі қараған алқа билер оны бірауыздан кінәлі деп таныды.
ЖӘНІБЕК СЕЙІТЖАПАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
ҚР ҚК-нің 60-бабына сәйкес үкімдердің жиынтығы бойынша, №2 Ақтөбе қалалық сотының 2025 жылғы 20-мамырдағы үкімі бойынша өтелмеген жазаның бір бөлігін ішінара қосу арқылы Қабдулловқа түпкілікті жаза ретінде 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.