Енді Астана көшелерін жасанды интеллект тазартады. «Астана Тазалық» мекемесі цифрлық жобаларды іске қосты. Жаңа техниканың басым бөлігі қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін сатып алынған. Яғни, олар жұмыс барысын тікелей қадағалайды. Ақылды жүйе жүргізушінің қалғып кетпеуін, денсаулығының сыр бермеуін бақылауда ұстайды. Орталық бұдан бөлек биыл 24 техникамен толықты. Келер жылы тағы 20-дан аса заманауи құралдарды аламыз деп жоспарлап отыр. Мамандарға берілген мүмкіндіктер туралы әрі қарай Аружан Задабек жалғастырсын.
Қазір «Астана Тазалық» мекемесінде 1500-ден аса қызметкер жұмыс істейді. Оның 700-і – қала қозғалысын тоқтатпай, әрбір ауланы, көшені дер кезінде тазартатын кәсіби жүргізушілер. Ал 300-ден астамы – ауа райының қолайсыздығына қарамай, таңғы алғашқы қар ұшқынынан бастап соңғы қоқымға дейін тазалайтын жол жұмысшылары. Мекеме әлі де өз ұжымына адам іздейді. Қазір көлік тізгіндейтіндерге тапшылық басым.
ЗАМИР САҒЫНОВ, “АСТАНА ТАЗАЛЫҚ” ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:
40-қа тарта жүргізуші жетіспейді. Келген жүргізушілердің, 20 шақтысын, өкінішке орай, біз қабылдаған жоқпыз. Оның 10 шақтысы жол ережесінің емтиханынан өте алмады. Қалғандары басқа себеппен ала алмадық. Қазіргі уақытта жағдай жасау арқылы, еңбекақыны көтеру арқылы, сыйақы беру арқылы өзімізге жақсы-жақсы мамандар тартуға істеп жатқан іс-шараларымыз бар.
Мекеме қала тазалығын қамтамасыз ететін шамамен 400-ге жуық техниканы басқарады. Бұл - Елорданың ауа райы күрт құбылатын кезеңдерінде үздіксіз жұмыс істеуге мүмкіндік беретін негізгі күш. Биыл оған 24 жаңа техника қосылды. Арасында жасанды интеллектіге қосылғаны да бар. Әсіресе, қар мен қоқысты үздіксіз таситын темір тұлпар тізгіншілеріне жағдай жасалған. Яғни, әрбір көліктің ішіне бейнебақылау орнатылып жатыр. Егер жүргізуші қалғып кетсе, телефонмен сөйлессе, денсаулығы сыр беріп, жағдайы нашарласа камера бірден табыл қағады. Мұны диспечерлер бірден тіркеп, шара қабылдайды.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Жүргізушілер күнделікті жұмыстың алдында осындай тексерістен өтеді. Бірінші, көзіңізді тексересіз. Бұл арқылы сіздің есірткі тұтынған, тұтынбағаныңыз анық көрсетіледі. Әрі, сіздің дене температураңыздың қанша екенін бақылауға болады. Мұның барлығы мына экранға шығады. Әрі қарай мына кішкентай түтікшені көріп тұрсаңыздар, бұл жерге жүргізушілер үрлейді екен. Сол арқылы оның ішімдік ішкені немесе ішпегені анық көрсетіледі. Тексеріс мұнымен бітпейді. Қан қысымын өлшеуге болады. Қазір мен де өлшеп көрейін деп тұрмын. Қолыңызды саласыз, «стартты» басасыз.
Жұмысшыларға жасалған жағдай мұнымен бітпейді. Мекеме қызметкерлері үшін жатақхананы күрделі жөндеуден өткізді. 80 маман тұра алады. Ал 10 отбасыға арнап арнайы пәтер кілті де табысталды. Олар отбасымен бірге осында тұра алады. 10 жылдан кейін мүлік ретінде тұрғынның өз атына аударылады.
БАҚЫТЖАН АБДУАЛИЕВ, АРНАЙЫ ТЕХНИКА ЖҮРГІЗУШІСІ:
Қосшы қаласында тұрып, сол жақта пәтір жалдап келдім. 4 пересадкамен келетін едім. Таңғы сағат 8-де жұмыс болса, 5-те тұрамын. Міне, қазір рахат! Рақмет басшылыққа. Есігіміздің алдына шығамыз, кіреміз.
«Астана Тазалық» мекемесі елорданың 40 пайызын қамтиды. 207 көше мен 370 шақырымға созылған автомобиль жолдарын үздіксіз тазартады. Бұған қоса, 12 миллион 400 мың шаршы метр аумақтың тазалығы – орталықтың күнделікті міндеті. Ал «Электронды жол» жүйесі бұл істі жеңілдетеді. Жүйе әр қызметкердің жұмыс уақытын автоматты түрде есептеп, еңбек тәртібін нақты бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Тазалайық» цифрлық бағдарламасы техниканың база аумағынан шыққан сәттен бастап оның қозғалысын онлайн бақылайды. Қай жерде қандай жұмыс атқарылды, қандай техника қай бағытта жүр – бәрі цифрлық картамен белгіленеді.