«Дипломмен ауылға» бағдарламасы тиімсіз – қатысушылар міндеттемелерді орындамайды - Нұртөре Жүсіп

фото: dixinews.kz

Сенатор "Дипломмен – ауылға" бағдарламасын сынға алды

Сенатор бағдарламаның әлеуеті жоғары, бірақ тиімділігі төмен екенін баса айтты. Ауылдағы инфрақұрылымды, еңбек жағдайларын және әлеуметтік ортаны кешенді жақсарту қажет дейді. Сонымен қатар бағдарламаны жан-жақты қарау да ұсынылып отыр. 

"Қазақстанда 2009 жылдан бері "Дипломмен – ауылға" мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік басқару органдарына дипломды мамандарды тартуды көздейді. 2025 жылы ауылға жіберілетін мамандарға бюджеттік кредиттерге 25 млрд теңге қарастырылған. "Дипломмен – ауылға" бағдарламасына қатысушыларға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы, тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 2 мыңнан 2,5 мыңға дейінгі АЕК көрсеткіште 15 жылға несие беріледі және міндетті шарт ауылдық жерде кемінде 3 жыл жұмыс істеу керек", – деді депутат.

  2009-2024 жылдар аралығында 114 мыңнан астам маман 23,6 млрд теңгеге жәрдемақы алған дейді Нұртөре Жүсіп. 

"52 мыңға жуық маман 189,5 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредиттерді пайдаланған. Соңғы үш жылда міндеттемелерін орындамаған 166 адам, жалпы сомасы – 784,2 млн теңге. Мемлекет қаражат бөліп келеді, бірақ ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын шешуге бағдарлама тиімді болды ма деген сұрақ бар. Бүгінде халықтың 37 пайызы, яғни 4 млн-ға жуық адам ауылда тұрады. Тек Солтүстік Қазақстан облысының өзінде 2025-2027 жылдар аралығында кадрдың қажеттілігі 3043 адамды құрайды. 114 мың адам көтерме ақы алғанымен, тек 52 мыңы ғана тұрғын үймен қамтамасыз етілген", – деп атап өтті ол.

Сенат депутаты ауылда қанша маманның тұрақтап қалғаны бойынша нақты көрсеткіштер ашық емес екенін жеткізді.

"Ақшаны алады, қалтаға салады. Уақыт өтеді, ауылдан кетеді. Жәрдемақылар маманды тартуға көмектеседі, бірақ тұрақты қамтуға жеткілікті мотивация бермейді. Бағдарламаға қатысушылардың өмір сүру сапасы, жалақысы, әлеуметтік инфрақұрылымдарға қолжетімділігіне қатысты толыққанды талдау жоқ. (...) Бағдарлама маңызды болғанымен, оны іске асыруда бірқатар жүйелі мәселелер бар. Бірінші – біржолғы төлем алғанына қарамастан, жас маман ауылдағы жұмысты ұзақмерзімді стратегия емес, уақытша шара ретінде қарастырады. Нәтижесінде міндетті мерзім аяқталғаннан кейін, ауылда қалмайды. Екінші – сапалы тұрғын үйге қолжетімділік жеткіліксіз. Үшінші – әкімшілік кедергілер, өңірде бағдарлама шарттары әртүрлі түсіндіріледі. Өтінімдер ұзақ қаралады, көп анықтамалар сұралады. Төртінші – өңірлер арасында қатысу деңгейі әртүрлі. Бесінші – бағдарлама моноқалаларды қамтымайды. Онда да кадр тапшылығы өткір тұр. Сондықтан "Дипломмен – моноқалаға" деген бағдарламаны құру да өзекті деп есептейміз", – деді Нұртөре Жүсіп.