Қызылорда облысында ылғалды көп қажет ететін дақылдар лимитін анықтайтын жұмыс тобы құрылады

Фото: eldala.kz

«Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру мәселелеріне арналған кеңес өтті

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың тапсырмасы бойынша Қызылорда облысында суармалы судың болжамды көлемін ескере отырып, ылғалды көп қажет ететін дақылдарды егу лимитін анықтау үшін арнайы жұмыс тобы құрылады

Жұмыс тобының құрамына Су ресурстары және ирригация министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары, облыс әкімдігінің өкілдері және жергілікті фермерлер кіреді.

Қызылорда қаласында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен алдағы вегетация кезеңіне дайындық, су үнемдеу технологияларын енгізу, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын әртараптандыру және «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру мәселелеріне арналған кеңес өтті.

Кеңеске Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері, өңірдегі су шаруашылығы кәсіпорындары мен жергілікті шаруа қожалықтары қатысты.

Заманауи суару жүйелеріне көшуді ынталандыру үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі ұңғымаларды бұрғылау, инфрақұрылым орнату және су үнемдейтін жабдықтарды сатып алу шығындарын өтеуді 50%-дан 80%-ға дейін арттырды. Сондай-ақ суару тарифіне сараланған жүйе енгізіліп, су үнемдеу технологияларын пайдаланушылар үшін субсидия 60%-дан 85%-ке жеткізілді. Мұндай жүйелерді пайдаланбайтын тұтынушылар үшін субсидия сомасы жыл сайын 10%-ға азаяды.

2026-2028 жылдарға арналған су үнемдеу технологияларын енгізуді қолдауға және суару суының құнын субсидиялауға арналған жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде алдыңғы үш жылдық кезеңге қарағанда 4 есе көп қаражат көзделген.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде су үнемдеу технологияларын қолданатын егістік алқабы жыл сайын 150 мың гектардан астамға ұлғайды: 2024 жылы – 153 мың га, 2025 жылы – 154 мың га, бұл толықтай Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды. 2030 жылға қарай Қазақстандағы суармалы жерлердің 1,3 млн гектарына су үнемдеу жүйелерін енгізу жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда ел бойынша су үнемдеу технологиялары 543,5 мың гектар алқапқа енгізілген, оның ішінде Қызылорда облысында – 65 мың га, оның 60 мың гектары лазерлік тегістегішпен тегістелген күріш алқаптары. Облыста жаңбырлатып суару 2,3 мың гектарды, ал тамшылатып суару жүйелері 2,7 мың гектарды қамтиды.
Су ведомствосының басшысы Нұржан Нұржігітов Қызылорда облысындағы диқандарды тек лазерлік тегістегішпен шектеліп қалмай, суармалы суды үнемдеудің тиімдірек әдістерін белсенді түрде енгізуге шақырды.

«Біз қолжетімді су ресурстарының жыл сайын азайып бара жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан су үнемдеу технологияларына көшу өте маңызды. Сондай-ақ ылғалды көп қажет ететін дақыл түрлерінің санын азайту арқылы дақылдарды әртараптандыру қажеттілігі туындап отыр. Лазерлік тегістегіш судың біркелкі таралуына және артық шығынды азайтуға мүмкіндік беріп, суды айтарлықтай үнемдейді. Дегенмен күріш егілетін жерлер ауыл шаруашылығында су көп қажет ететін аймақтардың бірі болып қалатынын түсіну маңызды. Сондықтан қолданыстағы егістік жерлерді тиімдірек су үнемдейтін технологияларға, соның ішінде тамшылатып суару және басқа да заманауи суару әдістеріне көшіру қажет»,- деді Су ресурстары және ирригация министрі.