Мас жүргізуші инкассатор көлігіне соғып, 28 жастағы жігіт қаза тапты

Қарағанды облысында инкассатор көлігі өртенді. Оған мас күйде Toyota Camry көлігін тізгіндеген жүргізуші соққан. Ол қарсы бетке шығып кеткен. Жол апаты салдарынан бір адам қаза тапты. Инкассация қызметінің тағы бір жұмыскерінің жағдайы ауыр. Олар өртенген автомобильдің ішінде қалып қойған. Оқиға Қарқаралы – Қарағайлы тас жолында болған.

Инкассатор "Қазпошта" АҚ - ның Қарқаралы бөлімшесіне тиесілі. Ішінде болған 3 млн теңге түгелдей жанып кеткен. Оқиғаға кінәлі мас адам қамауға алынды.

БАҚЫТЖАН ҚҰДИЯРОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Lada Largus көлігінің 28 жастағы жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды. Оның 36 жастағы жолаушысы және 41 жастағы Camry жүргізушісі ауруханаға жеткізілді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып Camry автокөлігінің жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда.