Алматы облысында жыл басынан бері республикалық маңызы бар жолдарда 832 жол апаты болған. 166 адам қаза тапты. Күре жолда жан тапсыратындардың көбеюіне не себеп?Апаттардың басым көпшілігіне кім кінәлі? Жомарт Түзелбай тарқатады.
ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:
Дәл осы шақырымдарға шырмауықша созылып, кептеліс болып жатқан Алматы-Бішкек тас жолында соңғы уақытта ірі жол апаттары жиілеп кетті. Тек өткен айдың өзінде 19 жол көлік оқиғасы тіркеліп, 11 адам қаза тапты. Жылдамдықты асырмасын деп миллиондаған қаржыға қойылған камералар, апаттың азаюына септігін тигізбей тұр.
Жолда көлік көп, қозғалыс тығыз. Адам өліміне әкеп соқтыратын апаттардың артуына байланысты өткен рейдте жүргізушілердің басым бөлігі белдік тақпайтыны, ереже қақпайтыны бірден байқалды. Алыс жолға көлік тізгіндейтіндер үшін такси қызметіне әлдеқашан тыйым салынса да, елеп жатқан ешкім жоқ.
ЕЛАМАН БАШКЕЙ, ОБЛЫСТЫҚ ПД ППБ КОМАНДИРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Көбінесе жол апаттары осындай автокөліктерден болады. Қауіпсіздік белдігін тақпайды. Бұл заңсыз такси болып тұр. 571 мен хаттама толтырамыз. Қазір тоқтатамыз толықтай. Мәшине жүрмейді. Материал жиналады. Сотқа жіберіледі. Олар өз өмірін ғана емес жолаушылардың да өмірін қатерге тігіп отырады.
Полицейлердің айтуынша, апатқа жиі себеп болатын көліктер рулі оң жақта орналасқан, сыйымдылығы бес орыннан көп, жолаушы тасымалдайтындар. Шектеулерді елемейді, тіпті көліктің техникалық жағдайына мән бермейді. Жүргізуші де, жолаушы да қауіпсіздікке емес, қалта қамына көбірек қарайды. Ал, ұсталғандардың көпшілігі өз әрекетін заңсыз десең - ашуға булығады.
БЛИЦ:
- Келіспейм мен. Праварульный дейді. Не істейміз біз сонда. Бала шағамыз бар мысалы қайтіп бағамыз өзің ойлашы. Екі қолға бір күрек әйтеуір тіршілігімізді істеп жатырмыз. Ұрлық қылып жатқан жоқпыз. Тірлік қылып жатырмыз. Әйтеуір біреуді бір жерден алып, бір жерге апарсақ ақша болады. Опм дейді шаш ал десе бас алады ғо негізі шындап келгенде.
- Мына жастар сол. Асығыс қашан қарасаң қатты жүреді. Артыңнан мигать етеді. Жолды босат дегендей. Содан апатқа ұшырайды сүйтіп қатты жүргеннен. Енді жолдарда кішкене ямалар болады. Біреудер ямадан қашады. Встречныйға шығып кетеді біреулердің алдына.
Облыс аумағында соңғы уақытта тіркелген апаттардың көбінде көліктер қарсы бағытқа шығып кеткен. Жантүршігерлік жол апаттары жұрттың жағасын ұстатуда. Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін барлық жұмыстар атқарылғанымен, нәтиже көңіл көншітпей тұр.