Алматыда стоматолог-дәрігер клиенттен қосымша ақша сұрап, 2 жарым жасар бүлдіршінді 4 сағат бойы наркоздан оятпай ұстаған

«Қосымша төлем жасамасаң, ұлыңды наркоздан оятпаймыз!». Баласының тісін емдетем деп, жеке емханадан опық жеген жалғызбасты ана осылай деп редакциямыздан көмек сұрады. Дәрігерлер алғашында операция әрі кетсе 2 сағатқа созылады деп түсіндірген. Алайда, балақайды уақытша ұйқыға жіберген соң қосымша ақша талап еткен. «Әкелмесең, ұлыңды оятпаймыз» - деп жәбірлепті. Нәтижесінде бүлдіршін 4 сағат бойы наркозда жатқан.

Мадина Төлемісова күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып отыр. Екі жарым жастағы ұлының сегіз тісін емдетем деп жүріп, керісінше жағдайды  ушықтырып алған. Қазір бүлдіршін тамақты шайнап, жей алмайды да. «Бұның бәрі дәрігердің кесірі», - дейді. Кеңес алуға барған Мадинаға емнің жалпы құны 400 мың теңгеге дейін деп есептеп берген. Бірақ балақайға екпе салған соң, тағы 100 мың теңге көлемінде қаражат талап еткен.

МАДИНА ТӨЛЕМІСОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ АНАСЫ:

Баламның тістері солқылдап, түнімен ұйықтай алмай шығады. Басқа клиникаға барып емдетуге ақшам жоқ. 40 минут жансыздандырудың өзі 55 мың теңге тұрады. Әрине, оларға менің ұлымды ес-түссіз қалыпта ұзақ ұстап, ақша өндіріп алу тиімді. Мамандар маған ешқандай келісімшарт ұсынбады. Бұндай баға жайлы қағазға қол қоймадым да. Баламды оятпаймыз дегенде, әбден абдырап, бір сағаттың ішінде керекті сомманы таптым. Жарты миллион теңгем ауаға кетті.

Операциядан бері екі айға жуық уақыт өтсе де, балақайдың жағдайы мәз емес. Тістерді қалыпқа келтіру процедурасы мемлекеттік емханалардың өзінде ақылы түрде болғандықтан, олар жеке клиникаға жүгінген.  Екі жарым жастағы бүлдіршінге «Севоран» препараты  салынған. Қазір қалалық полиция департаменті Мадина Төлемісованың арызын қабылдап, тергеу жүргізуді бастады.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қазіргі таңда тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Міндетті түрде қылмыстық іс жүргізу кодексімен көзделген барлық тергеу амалдары жүргізіліп, іс бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.

Биыл  160 тіс емханасына жоспардан тыс тексеріс жүргізілген.  Соңғы уақыттағы жағдайларға байланысты Бас прокуратураның тапсырмасымен енді тағы 620 тіс емдеу клиникасы тексеріледі.

АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Барлық 20 өңірдің аумақтық департаменттері, медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті осы жұмысқа тартылған. Сондықтан стоматология клиникаларын тексеру жұмысы жүріп жатыр.

Ал осы жолы келеңсіз жағдай болған жеке клиникаға  сауал жолдадық. Ондағылар жеті күннің ішінде жауап берілетінін  хабарлады.