Биыл қыс көпшілік күткендей болмады. Күнтізбе желтоқсанды көрсетсе де, әлі қар жоқ. Тіпті тау бөктерлерінде де ақ ұлпа сирек. Мамандар бұл – қалыпты құбылыс емес, климаттың өзгеруін анық көрсететін қауіпті белгі дейді. Қалың қар қашан жауады? Айғаным Тұрысбек мамандардан білді.
АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:
Кеше ғана қар жаумады деп шулап едік. Көріп тұрғандарыңыздай, қыраулап жауған қар жердің жүзін әлі жасырмады. "6 ай жататын Арқаның қысы қайда кетті?" деп ел таңғалып жүр. Еліміздің өзге өңірлерінде де ақ ұлпа қар әлі жаумаған.
Еліміздің басым бөлігінде, бұл уақытта аяз буып тұратын солтүстік өңірлерде де қар жауған жоқ. Қазір желтоқсан емес, наурыз айы секілді. Мамандар табиғаттың бұл өзгерісін жаһандық жылынумен байланыстырады.
ЛАУРА МАЛИКОВА, ЭКОЛОГ:
Жылдық температура жылдан-жылғы өсіп келе жатыр. Қазақстанда жылдық темперетура 1,5 градусқа дейін өскен. Егер қар аз болса жазғы уақытта ол аптап ыстықтың болуына, орман өрттерінің жиілеп кетуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан әр мезгілдің өз ретімен жүргені дұрыс.
Ауа райы барлық өңірде жылдағыдан әлдеқайда жылы.
БЛИЦ:
- Жылда осындай уақытта жерде қар жатып, суық болып тұратын. Жылы болғанның кесірінен бала-шағада ауырып, тұмау көбейіп қазір.
- Глобальный потепление дейді ғой. Тек оңтүстікте емес солтүстіктің өзінде жылы болып жатыр.
- Мынандай жылыда микробтар өлмейді да. Қыс қысымен жақсы, жаз жазымен жақсы, көктем көктемімен жақсы ғой негізі.
-Аяз болғаны жақсы. Өйткені, ауа тазарады. Қазір ауа былық. Сондықтан халық көп ауырып жатыр.
Ғалымдар егер жер бетінің температурасы тағы 2 градусқа көтерілсе, жазда аптап ыстық күшейіп, орман өрті жиілейтінін, ауыл шаруашылығында шығын өсетінін айтады. Температура 3-4 градусқа жоғарыласа, Антарктиданың батысындағы және Гренландиядағы мұздықтар толық еруі мүмкін. "Бұл - жаһандық экологиялық қауіп" дейді сарапшы.
ВУДЖИН ЛИ, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЭКОЛОГИЯ ЖҮЙЕСІ ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Астанада биыл ерекше жылы, жаңбыр көп. Бұл климаттық өзгеріс жақандық жылынудың салдарынан болып жатыр. Қазақстан Париж хаттамасына қосылып, көмірқышқыл газы деңгейін 15 пайызға азайтып, температураны 1,5 градус шегінде ұстап тұру шартына келіскен. 2025 жылға дейін барлық мемлекеттер есеп өткізуге тиіс еді. Алайда іс жүзінде көптеген елдер шартты орындамады.
Синоптиктердің айтуынша, 7 желтоқсаннан бастап күн суытады. Бірақ, бәрібір биыл қыс әдеттегіден жылы болмақ.
ЖҰЛДЫЗ ИСАБЕКОВА, "ҚАЗГИДРОМЕТ" РМК ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ АУА РАЙЫ БОЛЖАМДАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
Қараша айы болжағандай экстрималды жылы болды. Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 2-6 градусқа жоғары болды. Алдағы қыста желтоқсан айы климаттық нома шамасынан 1-2 градус жоғары болады деп күтілуде.
Экологтар мұндай климаттық ауытқуларды азайтудың жолы - ағаш егу, зиянды шығарындыларды азайту және экологиялық мәдениетті күшейту