Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Кошта елімізге ресми сапармен келді

  • AstanaTV
  • 04 желтоқсан 2025

Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Кошта елімізге ресми сапармен келді. Мемлекет басшысы мәртебелі мейманды Ақордада қарсы алды. Айта кетейік, Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Кошта елімізге алғаш рет келіп отыр. Мемлекет басшысы Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына 10 жыл толуымен тұспа-тұс келген бұл сапардың символдық мәнге ие екеніне тоқталды. Еліміз – Еуропа Одағымен осындай тарихи келісім жасаған өңірдегі тұңғыш мемлекет.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сіздің сапарыңызға ерекше мән береміз. Бұл Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қос тараптың да дайын екенін көрсетеді. Біз өзара құрмет пен түсіністікке негізделген берік әрі мазмұнды серіктестікті қолдаймыз. Өзара саяси диалогымыз ортақ мүддемізге сәйкес келетін көптеген бағыт бойынша қарқынды дамып келеді. Осы орайда бірнеше күн бұрын Брюссельде өткен «ЕО – Қазақстан» ынтымақтастық кеңесі отырысының нәтижесіне жоғары баға беремін.

Еуропа Одағы – Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Былтыр екіжақты тауар айналымы шамамен 50 миллиард долларға жеткен. Еуропа Одағының Орталық Азиямен сауда-саттығының 80 пайызы Қазақстанға тиесілі. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы визалық режимді жеңілдету туралы келісім жасауға дайындық жұмыстары басталғанын құптады. Өз кезегінде Антониу Кошта қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді. Ол Қазақстан мен Еуропа арасындағы ықпалдастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, Еуроодақтың елімізбен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін растады.

АНТОНИУ КОШТА, ЕУРОПАЛЫҚ КЕҢЕС ПРЕЗИДЕНТІ:

Соңғы 10 жылда Еуропа Одағы Қазақстанның ең ірі сауда серіктесіне және шетелдік инвесторына айналды. Өз кезегінде Қазақстан Еуропаға мұнай мен уран жеткізуші елдердің үштігіне кіретін ел ретінде экономикалық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуде негізгі рөл атқарады. Бүгін біз қарым-қатынасымызды нығайтудың және экономикалық байланыстарды дамытудың жаңа кезеңіне қадам басамыз.

Президент Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы серіктестікті тереңдетуге Антониу Коштаның қосқан үлесін жоғары бағалады. І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.