Елде аудан әкімдерін сайлау уақытша тоқтатылуы мүмкін. Мемлекет басшысы өткен аптада ауыл әкімдерінің диалог-платформасында осыны айтып еді. Мәжіліс депутаттары да, қоғам белсенділері де мұны құп көріп отыр. Өйткені, халық сайлаған аудан әкімдерінің кейбірі жұмыстарын дұрыс атқара алмай, бір жылға жетпей жатып қызметтен кетіп жатыр. Оның үстіне, сайлау өткізу де - қып-қызыл шығын. мәселен, биылғы жылдың өзінде 6 аудан мен 1 қала әкімін сайлауды ұйымдастыруға 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалыпты.
Аудан әкімдерін сайлауға мараторий жариялау керек. Депутат Ерлан Саировтың мәжіліс мінберінде осылай көсілгенін білеміз. Сөзіне сенсек, әуелі жергілікті өзін-өзі басқару, мемлекеттік қызмет, сайлау туралы заңдарға қажетті нормаларды енгізіп алу керек. Міне, сонда ғана аудан әкімдерін халық сайлағаннан нақты нәтиже болады.
ЕРЛАН САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Конституция өзгереді. Парламент реформасы болады. Яғни, бізде мемлекетті басқарудың моделі толығымен өзгеретін болады. Сондықтан аудан деңгейінің маңызын ескере отырып, менің ойымша, осы саяси реформалардың барлығы өткенге дейін әзірше тоқтата тұру қажет деп ойлаймын мен. Жаңа тұрпаттағы мемлекеттік басқару қалыптасқаннан кейін қайтадан қайтіп келуіміз керек.
Ал мәжілісмен Самат Нұртаза бұл саяси экспериментке жұртшылық та толық дайын емес болып шықты дейді. Ел таңдау жасауда кандидаттың білім-білігіне емес, қайдан шыққанына қатты мән берді деп санайды.
САМАТ НҰРТАЗА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Сайлауға қатысқан адамның шынайы потенциалын бағалайды деп ойлаған деп ойламын өз басым. Содан кейін трайбализм, жершілдік орын алып кеткенде бұл эксперименттің әлі ертерек екенін түсінген сияқты менің ойымша. Себебі мысалы бөтен өңірдің адамы келіп өзінің туған емес, басқа бір жерге пайдасын келтірем десе де оны сайламайтын фактілер бар біздің қоғамда. Мына мәселе менің ойымша кішкене паузаға қойылуы тиіс деп есептеймін.
Аудан басшыларын сайлаудан бұрын ауыл әкімдерінің функциясын нақтылау маңызды. Төртінші деңгейлі бюджет олардың құзіретіне әлі берілмеген. Бюджеттік кодекстегі 8 түрлі салықтық түсімді ауыл әкімдерінің еншісіне енді ғана жазып бердік, дейді депутат Елнұр Бейсенбаев.
ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Ауыл әкімдерінің ішінде сайланған, сайлауға дайын аудан әкімі бола алатын саяси корпус дайындауымыз керек. По-этапно өту керек. Сонда ғана біз нағыз аудан әкімдеріне лайықты азаматтарды сайлай аламыз. Сайлауды тек қана сайлау үшін өткізу бұл менің ойымша профанация деп есептеймін.
Ауыл әкімдерін сайлау ары қарай жалғасады. Бұған қазынадан қаржы бөліне береді. Ал аудан тағдырына жауапты тұлғаларды тағайындау бұрынғыша мәслихат депутаттарының құзіретінде қалса, дейді мәжілісмендер.