Атырау облысында құны 48,3 млрд. теңгені құрайтын 12 жоба іске қосылады

Атырау облысында құны 48,3 млрд. теңгені құрайтын 12 жоба іске қосылады. Қазіргі уақытта шамамен құны 36 млрд. теңгелік 254 кәсіпкерлік жобаға қолдау көрсетіліп, 1725 жаңа жұмыс орны ашылған. Бұдан бөлек, инвестиция, инфрақұрылым және әлеуметтік сала бойынша есеп берілді.

Мұнайлы аймақтың басшысы алдымен өңірдің инвестициялық ахуалына тоқталды. Биыл негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі төмендегенімен, мұнай-газ секторын есепке алмағанда өзге салалардағы инвестиция 29 процентке өскен. Қазір аймақта құны шамамен 11 млрд доллар болатын үш ірі зәкірлі жоба жүзеге асырылып жатыр.

СЕРІК ШӘПКЕНОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Құны 104 млрд. теңге болатын 20 инвестициялық жоба іске асырылуда, нәтижесінде 1 320 жаңа жұмыс орны ашылады. Агроөнеркәсіп кешенінде 116,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Өңірдің мал шаруашылығында да өсім бар. Келесі жылы жалпы  құны 48,3 млрд. теңгені құрайтын 12 жоба іске қосылады.

Әкімнің айтуынша, ауыл шаруашылығы мен шағын бизнес саласында да оң серпін бар. Агроөнеркәсіп кешенінде 116 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Шағын және орта кәсіпкерлік 2,4 трлн теңгенің өнімін шығарып, өңірдің жалпы үлесі 21 проценттен асқан. Сондай-ақ, облыс әкімі жол мәселесіне де тоқталып өтті.

СЕРІК ШӘПКЕНОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

247,9 шақырым жол жөнделді. Нәтижесінде  жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 78%-дан 83%-ға дейін өсті. 90 жаңа автобус сатып алынып, оның 48-і пайдалануға берілді, қалғанын жыл соңына дейін табыстайтын боламыз.Сонымен қатар, Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежайды жаңғыртуға 2026 жылға 50 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды.

Биыл облыста білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт бағыттары бойынша да ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр. 27 мектептің құрылысы жүріп, бірнеше медициналық нысан пайдалануға берілген. Туризм саласында да өсім байқалады, биыл аймаққа келген туристер саны 19 процентке артты дейді. Аймақтағы басталған жобалар алдағы жылдары да жалғасып, жүйелі бақылауда болады.