Аида Балаева Халықаралық волонтерлер күнімен құттықтады

Фото: Ақорда

Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева волонтерлік қозғалыс еліміздегі қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті. Сондай-ақ еріктілердің мәдениет пен білім, экология мен медицина, әлеуметтік қолдау мен қайырымдылық салаларының дамуына үлес қосып жатқанына тоқталды.

«Кейінгі жылдары Қазақстанда волонтерлікті мемлекеттік қолдаудың біртұтас жүйесі қалыптасты, ол әрқашан мемлекеттік саясаттың назарында. Дәл бүгін БҰҰ-ның Нью-Йорк қаласындағы Штаб-пәтерінде Орнықты даму жолындағы Халықаралық волонтерлер жылы ресми бастауын алады. Біз аталған жылды жариялау бастамасы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқанын мақтан тұтамыз. Барлық волонтерлерге еліміздің дамуына қосқан үлесі, табандылығы, мейірімділігі мен өз ісіне адалдығы үшін шын жүректен алғыс айтамын» , - делінген құттықтауда.

Айта кетейік, қоғамдық игіліктерді және азаматтық ұстанымды дәріптеу негізінде «Қазақстан» РТРК» АҚ қызметкерлерінен құралған Волонтерлік клуб жұмыс істейді.

Волонтерлер клубының басты мақсаты – қоғамда ізгі істер мен мейірімділікті насихаттап, қайырымдылық шараларға атсалысу.