Президент дүние жүзі бойынша тікелей шетелдік инвестиция нөпірінің құлдырауының негізгі себептерін атады.
«Мен Жолдауда жаңа инвестициялық кезеңді бастау қажеттігін айттым. Қазір әлемде нарық және капитал үшін талас-тартыс күшейіп барады. БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) мәліметіне сәйкес, дүние жүзі бойынша тікелей шетелдік инвестицияның нөпірі айтарлықтай бәсеңдеген. 2024 жылы әлемде нақты секторға бағытталған инвестиция көлемі 11 пайызға, яғни 1,5 триллион долларға дейін қысқарған. Басқаша айтқанда, жаһандық инвестиция биыл екінші жыл қатарынан құлдырап барады. Мұның негізгі себебі – үдей түскен геосаяси шиеленіс пен халықаралық жеткізу тізбегінің үзілуі. Сондықтан біз еліміздегі іскерлік ортаны жақсартуымыз керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызы айрықша мақсат», – дейді Президент.
Бизнесті мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру маңызды. Экспорт нарығында бәсекеге түсе алатын, отандық шикізатты пайдаланатын, сондай-ақ озық технологиялар мен инновациялар трансферімен айналысатын кәсіпорындарға басымдық берілуге тиіс.
“Биыл «Бәйтерек» холдингі арқылы шағын және орта бизнесті қолдау көлемі шамамен екі триллион теңгеге жетті. Тікелей субсидиялаудан гөрі кепілдік беру құралдарына көштік. Осы мақсатта менің тапсырмаммен «Даму» қоры жанынан шағын және орта бизнеске, сондай-ақ ірі инвестициялық жобаларға арналған екі кепілдік қоры құрылды. Аталған бағыт аясында 2229 жобаға жалпы сомасы 400 миллиард теңгеден астам кредит берілді. Оның ішінде 220 миллиард теңгеден астамы мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілді”, – деді Президент.