Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде түрлі жалған ақпараттардың таралуы жиілеп барады. Мұндай хабарламалар нақты деректерге сүйенбейді және көп жағдайда азаматтарды жаңылыстыруға, жеке мәліметтерін алуға немесе сеніміне ықпал етуге бағытталады. Бүгін Фейк фильтр айдарында желіде тараған жалған ақпараттарды әшкерелейміз.
Қайырлы кеш, құрметті көрермен! Эфирде - "ФЕЙК-ФИЛЬТР". Сіздермен мен Ақбота Базарбай.
Бүгін біз қоғамда үлкен резонанс тудырған кезекті фейк туралы әңгімелейміз. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «Светлый путь» атты жалған бағдарлама жайлы видео тарап жатыр. Онда авторлар азаматтарға «табыс табу» мен «әл-ауқатты жақсартуға» арналған мемлекеттік жоба бар деп сендіруге тырысады. Тіпті видеоны нанымды ету үшін танымал медиа тұлғаларының бет-бейнесін пайдаланып, дипфейк жасаған.
Белгісіз тұлғалар дайындаған видеоролик WhatsApp пен Telegram топтарында жаппай таралуда. Көріністе мемлекеттік орган атынан сөйлеп тұрғандай әсер қалдырған фейк авторлары халықты арнайы сілтемелер арқылы өтуге, сауалнама толтыруға немесе жеке деректерін енгізуге итермелейді.
Алайда жауапты министрлік мұндай бағдарлама мүлдем жоқ дейді.
ГҮЛДЕН САПИОЛЛА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛІ:
Министрлік азаматтарға тексерілмеген бейне және аудио хабарламаларға сенбеуді, ондай контентке жауап бермеуді және күмәнді сілтемелерге өтпеуді қатаң ескертеді. Себебі бұл әрекеттер жеке деректеріңіздің қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы бұл жағдайға жедел үн қатты. Құзырлы орган алғашқы күннен бері тәулік бойы мониторинг жүргізіп, қоғамға қауіп төндіретін кез келген манипуляцияға дереу әрекет етуде.
Тек есепті кезеңнің өзінде ондаған жалған хабарлама талданған. 24 ақпарат ресми теріске шығарылып, 14 тақырыптық материал дайындалды. 17 рет теле эфирге шығып, қауіпті ақпараттық шабуылдарға түсініктеме берілген. Материалдар ұлттық және халықаралық БАҚ-та жарияланып, Орталық сараптамасының маңызын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
ГҮЛДЕН САПИОЛЛА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛІ:
Фейктердің 44 пайызы мемлекеттік органдарды, 35 пайызы денсаулық пен қауіпсіздікті, 21 пайызы бұрмаланған ақпараттық монипуляцияларды қамтыды. Соңғы уақытта дипфейктің шетелдік контентті Қазақстанға теңеудің және тұрмыстық тақырыптарды эмоциялық тұрғыда бұрмалаудың жиілегенін көріп отырмыз.
Орталық күн сайын мемлекеттік органдармен байланысып, ақпараттық тәуекелдерді бағалайды, коммуникациялық шешімдер әзірлейді және жан-жақты талдау жасайды.
Фейктерді әшкерелеу - жұмыстың тек бір бөлігі. Басты назар - алдын алу, қоғамда ақпаратты сыни қабылдау дағдыларын қалыптастыру және азаматтардың ақпараттық тұрақтылығын арттыру.
Құрметті көрермен, ақпараттық қауіпсіздік тек мемлекеттік органдардың жұмысы емес. Бұл - әрқайсымыздың жауапкершілігіміз. Фейкті жасаушы да, оны таратушы да заң алдында жауап береді.
Сондықтан тағы да ескертеміз, белгісіз сілтемелерге өтпеңіз, күмәнді видеоларға сенбеңіз, ақпаратты тек ресми арналардан тексеріңіз. Өзіңізді ғана емес, жақындарыңызды да қорғаңыз.
Бүгінге осы. Келесі кездескенше, аман болыңыздар!