Елімізде әрбір бесінші отбасы несиесін уақытылы төлей алмай, қаржылық қысымда өмір сүреді. Халықтың жалпы қарызы 26 трлн теңгеден асады. Соңғы 1,5 жылда 51 мың қазақстандық банкрот деп танылған. Олардың 188 млрд теңге берешегі жойылды. Түйінді мәселені 2 жылдан бері "АМАNАТ" партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы түп-тамырымен жоюға әрекет етіп келеді.
Жыл басынан бері 862 мыңнан астам азамат «Қарызсыз қоғам» бағдарламасы аясында көмек алып, қарыз жүктемесін жеңілдеткен. Оның 35 мыңға жуығы банкроттыққа өтініш берсе, 422 мыңы жаңа төлем графигіне қол жеткізген. Берешегі басынан асып, көмек сұрайтындардың 60 проценті – әйелдер, - дейді мамандар.
ЕРАЛЫ САТЫЛҒАН, «ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫНЫҢ ЗАҢГЕР-КЕҢЕСШІСІ:
30-40 жастан асқан адамдар көбінесе. Бірақ қазір тенденция өзгеріп келе жатыр. Жас балалар да 2006-2007 жылғы балалар да қазір кредит алуға құмар мысалыға 18-ге тола салысымен. Хабарласатын адамдардың көбісі әйелдер. Неліктен? Өйткені көбінесе жұмыс жасамайды немесе кейін декретке отырған кезде төлем қабілетінен айырылып қалады.
"Қарызсыз қоғамның" колл-орталығы "АМАNАТ" партиясының ғимаратында орналасқан. Мұнда 50-ге жуық маман жұмыс істейді. Олардың қатарында заңгерлер, қаржы кеңесшілері мен медиаторлар бар. Мамандар күн сайын қаржылық қиындықтарға тап болған 4 мыңға жуық адамның қоңырауына жауап беріп, көмек көрсетеді. Бағдарламаның басты мақсаты - азаматтардың төлем қабілеті толық қалпына келгенге дейін сүйемелдеу.
ДУЛАТ МЫҢБАЕВ, «ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫНЫҢ ҚАРЖЫ САРАПШЫСЫ:
Миллионға жуық адам дегеніміз біздің экономикалық белсенді 9 млн 400 мың адамның былайынша қарап отырсаңыз, он-ақ пайызы. Сондықтан жұмыстар әлі алда. Біз қаржылық сауаттылық курстарын онлайн форматқа көшіргенбіз. Qogamfin.kz сайты арқылы біздің елдің кез келген азаматы тіркеліп, тегін сол сабақтарды алып, өзінің сауаттылығын арттыра алады.
Қаржылық еркіндікті аңсағандар колл-орталықтың офисіне де келеді. Күніне 20-ға жуық клиентке көмек көрсетіледі. Халықтың сауаты артып, қарызсыз қоғам қалыптасқанша бағдарлама жалғасын табады деп отыр мамандар.