Батыс Қазақстан облысында ауылға көшкен жастарға жәрдемақы көтерілді

Жастардың тұрғын үй проблемасын шешсек, олар қуана ауылға барады. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев айтты. Жайық өңірінде бірнеше бағдарлама сәтті жүзеге асырылып келеді. Соның арқасында облыстағы  елдімекендер жастарға толып, гүлдене түсті. Өңір басшысының айтуынша, тек бір бағдарлама бойынша жас отбасыларға жылына 100 үй салынуда. Нәижесінде, ауылда жастардың ғана емес, балалардың да саны артып келеді.

НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ, БҚО ӘКІМІ:

Оқу орнын бітірген жастарды ауылдық елдімекендерде тұрақтандыру, медициналық кадрларды тұрақтандыру үшін 2023 жылдан бастап, 8 млн теңгеге жәрдемақыны көтердік. Биыл 10 млн теңгеге дейін көтердік. Соның нәтижесінде 442 дәрігер келді. Оның сыртында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бар. Жалпы, жастарды ауылда тұрақтандырып жатырмыз.

Өңірде бір жылда 1000 астам жас кәсіп бастаған.  Олар аймақтың экономикалық өсуінің негізгі қозғаушы күшіне айналды. Соңғы жылдары 3 мыңнан астам енді ашылған бизнеске мемлекет тарапынан 28 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген.

НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ, БҚО ӘКІМІ:

Шағын және орта кәсіп субьектілерінен шығатын өнімдердің көлемі 23 пайызға өсіп, 2,8 трлн теңгені құрады. Өңірлік өнімдегі шағын және орта кәсіптің үлесі 36,7 пайыз деңгейіне жетті. Бұл көрсеткіш бойынша облысымыз Республика ішінде алдыңғы бестікте.