Елордада ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлын еске алу кеші өтті

Елордада ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлын еске алу кеші өтті. «Дариға Дәурен» деген атаумен өткізілген шара ақынның 75 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған. Өмірден өткеніне 2 жылдан асқан қайраткердің кешіне келгендер қолтаңбасы бөлек тұлғаның жырларын тыңдап, сөзіне жазылған әндерден шабыт алды.

Қазақтың жыр көгінде қолтаңбасы бөлек, қара өлеңнің қара нарындай дара ақынның еске алу кеші қаламгердің өмірі мен өнерін, жырдан өрілген тағдырын, ұлт рухын жаңғыртқан мәңгілік мұрасын дәріптеуге бағытталады. Оның өшпес мұрасы жұрт жүрегінен орын алған. Оған осы кеш тағы бір дәлел. Әр өлеңінің тамыры тереңге жайылған тұлғаны еске алу жиынына оның отбасы мен балалары, немерелері арнайы келген.

НҰРАТ АЙТ, Н. АЙТҰЛЫНЫҢ ҰЛЫ:

Ол кісі өте бақытты ақын. Себебі көзі тірісінде айтарын айтып жазып кетсе, еліне ерекелеп, құрметін көрсе, кеткеннен кейін де, мінекей, барша қазақ қасиеттеп, құрметтеп жатқан шарасы бар. Қазір ақынын құрметтеу, абызын құрметтеудің үлкен өнегесін көрсетіп жатқан Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекке, Астана қаласының әкімдігіне үлкен рахметімізді айтамыз.

Несіпбек Айтұлы - жай ақын емес, халқының бағын жырлап, ұлтының руханиятын шексіз сүйген, елінің намысын оятып, бабалар рухын көтеретін жырларды дүниеге әкелген ұлы тұлға. Оның әсерлі өлеңдері бұл кеште де  оқылды. Ақынның сөзіне жазылған әндер де шырқалды. Жиналғандар осы арқылы тағы күш жинап, бір жасап қалдық деп тарқасты.

ҒАЛЫМ ЖАЙЛЫБАЙ, АҚЫН:

Бастандық жырының бозторғайы, тәуелсіздіктің жыршысы секілді елдің есінде қалды. Несіпбек ағамыздың «Көкала үйректен» бастап қырыққа жуық поэмалардың авторы. Үлкен-үлкен әдебиетте өзінің даңғылын салды.

Несіпбек Айтұлы – Абайдың поэзия жолын жалғаған, дәстүрлі қазақ өлеңінің эпикалық кең тынысын қайта түлеткен тұлға. Ол  - ұлттық поэзияның өрісін кеңейтіп, азаттық рухын асқақ жырымен айшықтаған көрнекті ақын.