ҚР әділет вице-министрі Ботагоз Жақселекованың айтуынша, авторлардың құқықтарын қамтамасыз ету үшін ұжымдық басқару саласын цифрландыру, авторлық қоғамдардың қызметінің ашықтығын, сондай-ақ жиналған сыйақыны әділ бөлу мен төлеуді қамтамасыз ету үшін Бірыңғай цифрлық платформа құрылып, енгізіледі. Автор өзінің жеке кабинетінде туындыларының қайда және қалай пайдаланылып жатқанын көре алады, ал пайдаланушылар есептеулер мен төлемдердің дұрыстығын тексере алады.
«Яғни авторлық сыйақының жолы – туындыны пайдаланудан бастап авторға төлем жасалғанға дейінгі бүкіл процесс – толықтай бақыланады және түсінікті болады», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Сонымен қатар, цифрлық платформаны енгізу орындалатын шығармаларды есепке алу мәселесін де шешуге мүмкіндік береді.
«Бірыңғай цифрлық платформа үш кезеңмен енгізіледі. Бірінші кезеңде келесі жылдың қаңтар айынан бастап эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдары, екінші кезеңде 2026 жылғы 1 шілдеден бастап – театрлар, кинотеатрлар және филармониялар, үшінші кезеңде 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – өзге де барлық пайдаланушылар платформа арқылы жұмыс істейтін болады», - деді Ботагөз Жақселекова.