Қарағанды облысы Қарабас кентінің тұрғындары жарыққа жарымай отыр

Қарағанды облысындағы Қарабас кентінің тұрғындары жарыққа жарымай отыр. Электр қуатының жиі сөнуінен тұрмыстық техникалары күйіп, жылу жүйесі істен шығып жатқан көрінеді. Елдімекенде көпқабатты үйлердің өзі көмірмен жылытылады. Әр пәтерде пеш бар.  Жұрт қазір күні- түні сол пешті  аңдып отыр. 

Жарықтың жиі сөнуінен Қарлыға Құдайназарованың тоңазытқышы пен теледидары қатар жанып кеткен. Ақыры жаңасып алуға тура келді.  Бірақ ең қорқыныштысы- қазандық. Пәтерде пеш жағатындықтан токқа қосылған  жылу жүйесі кенеттен атылып кетуі мүмкін. 

ҚАРЛЫҒА ҚҰДАЙНАЗАРОВА, ҚАРАБАС КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бірде жарық сөнгенде насос қосылмай қалып қақпағы атылғанда есігімді жұлып кетті.Әйтеуір өзіміз аман қалдық. Күні-түні екі сағат сайын сол қазандықты аңдып ұйықтамаймын.

Жағдай жеке секторда да тура осындай. Сығырайған жарықтан жұрт әбден қажығанын айтады.  Оның үстіне көмірдің қара түтіні де улап барады. Қарабастағы зауыттар да қатты отын жағатын көрінеді.

АЛЕКСАНДРА ПАВЛЕНКО, ҚАРАБАС КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Айнала кешке- таңертең қара қой түтін, тұман болып кетеді. Мәселені қарастырып, бюджетке енгізіп Топардағы жылу станциясынан тартуға болар еді, немесе жеке қазандық салынсын. Шешуге болады, бірақ әкімдік қарамай отыр.

Әкімдік бұл мәселені жақсы біледі.  Біртіндеп шешіледі дейді.

ВЛАДИМИР АЛЕКСЕЕВ, ҚАРАБАС КЕНТІ ӘКІМДІГІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Ток күші аз немесе жиі сөнетен аумақтар қазір бұрынғы компаниядан алынып «Қарағанды Жарықтың» қарамағына  беріліп жатыр. Құжаттары рәсімделіп жатыр. Жөндеу жұмыстары жартылай істелді. Толық аяқталған соң жарықтың сөнуі азаяды деген үміттеміз.

Кентте сымдар әбден тозғандықтан жөндеу жұмыстары тез арада аяқталмайды. Жарықтың кенеттен сөніп қалмайтынына  кепілдік жоқ. Сондықтан тұрғындар елдімекенге ең болмаса жылу құбырын тартуды сұрайды.