"Қазақстан Иранды жақын әрі бауырлас көрші, Орта Шығыстағы сенімді серіктес деп біледі",- Қ.Тоқаев

Қазақстан Иранды жақын әрі бауырлас көрші, Орта Шығыстағы сенімді серіктес деп біледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианмен кездесуінде осылай деді. Екі ел басшылары саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және қауіпсіздік салаларын талқылады. Тараптар қандай келісімдерге келді? Тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.

Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан былтыр ғана Президент болып сайланған. Бұл -оның Қазақстанға алғашқы ресми сапары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманды Ақордада қарсы алды.

Салтанатты күтіп алудан соң, екі ел басшылары бірден келіссөз залына барды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Аса құрметті Президент мырза, Қазақстанға қош келдіңіз! Елімізге алғаш рет ресми сапармен келіп отырсыз. Қазақта «Көрші тату болса – құт» деген жақсы сөз бар. Екі елді қарт Каспий байланыстырады. Қазақстан Иранды жақын әрі бауырлас көрші, Орта Шығыстағы сенімді серіктес деп біледі. Біз қашанда Иранға тілеулеспіз.

Мемлекет басшысы орайлы мүмкіндікті пайдаланып, Иранның Жоғары көсемі, аятолла Әли Хаменеиге сәлем жолдады. Масуд Пезешкиан қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, осы сапар қорытындысы бойынша екіжақты байланыстар тың серпін алатынына сенімді екенін жеткізді.

МАСУД ПЕЗЕШКИАН, ИРАН ИСЛАМ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Тарихы терең, мәдениеті бай бауырлас, достас Қазақстанға келгеніме қуаныштымын. Көптеген бағытта ынтымақтастығымыз қарқынды түрде дамып келеді. Үкіметтеріміз нәтижелі жұмыс атқаруда. Саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және қауіпсіздік салаларындағы ықпалдастықтың әлеуеті зор деп ойлаймын.

Қазақстан мен Иран президенттерінің келіссөзі екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Каспий аймағындағы маңызды әрі сенімді серіктес ретінде Иранмен ықпалдастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Екі елдің дипломатиялық қатынас орнатқанына 33 жылдан асты. Осы кезеңде тығыз мемлекетаралық ынтымақтастыққа қол жеткіздік. Сындарлы саяси диалог құрдық. Үкіметаралық экономикалық комиссия белсенді жұмыс атқаруда. Парламентаралық байланыс жолға қойылды.

Масуд Пезешкиан иран-қазақ қатынастары тереңнен тамыр тартатынына тоқталды.

МАСУД ПЕЗЕШКИАН, ИРАН ИСЛАМ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Екі ел арасындағы байланыстар Ұлы Жібек жолы дәуірінен бастау алады. Тәуелсіздік алғанға дейін де Қазақстанмен арадағы қарым-қатынас үзілген жоқ. Сіздің еліңізбен ынтымақтастық біз үшін өте маңызды. Үкіметаралық, ведомствоаралық ықпалдастық жолға қойылған. Көптеген халықаралық және аймақтық мәселелер бойынша қос мемлекеттің ұстанымы ұқсас.

БЕКБОЛАТ САТУОВ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Қазақстан мен Иран ислам республикасының өзара сауда айналымы соңғы 9 айда 311 млн доллорға жуықтаған. Басым бөлігі әрине экспорт. Қазақстан Иранға дәнді-дақыл жөнелтеді. Ал Ираннан сары май, полиэтилин сынды өнімдер келеді. Дегенмен бұл мардымды көрсеткіш емес. Тараптар сауда-саттықты әлі де арттыруға ниетті.

Қазақстан Иранға жалпы құны кемінде 200 миллион доллар болатын тауар тасымалдауға дайын.  Қасым-Жомарт Тоқаев Тегеранда Қазақстанның Сауда үйін ашу бастамасына қолдау білдіріп отыр. Бұдан бөлек, Иран кәсіпкерлері Алматы облысында ірімшік зауытын, Батыс Қазақстан облысында мал терісін өңдеу комбинатын ашу секілді жобаларға белсене атсалыспақ. Тараптар бірлескен жобаларды да жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Өзара тауар айналымы жылдан жылға артып келеді. Дегенмен сауда-саттықты әртараптандыру мәселесін ойластыру керек. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен, өндіріс, медицина және озық технологиялар салаларындағы қарым-қатынасты жандандыру қажет.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Масуд Пезешкиан Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз елдеріміздің стратегиялық тұрғыдан ұтымды жерде орналасқанын тиімді пайдалануымыз керек. Қазір Еуропа мен Қытай арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Осы ретте Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізін және Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол бағытын дамытудың мән-маңызы ерекше. Бұл – екі елдің мүддесіне сай келетін маңызды жоба.

Ауыл шаруашылығы  - ынтымақтастықтың маңызды саласының бірі.  Қазақстан былтыр Иран нарығына 500 мыңнан астам тонна арпа жеткізген. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан Иран нарығына астық және басқа да дәнді-дақыл тасымалдайды. Мысалы, былтыр 500 мыңнан астам тонна арпа жеткіздік. Оның көлемін бірнеше есе көбейтуге мүмкіндігіміз бар. Осы мәселені Масуд Пезешкиан мырзамен жан-жақты талқыладық. Қазақстан ауыл шаруашылығын цифрландыруға және өңдеу өнеркәсібін өркендетуге баса мән беріп отыр.

Тараптар келіссөздер барысында ақпараттық технологияларды дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөліп, заман талабына сай ІТ шешімдер қабылдау және ғылыми ізденісті тереңдету бағытында бірлесіп жұмыс істеуге келісті. Сондай-ақ, Иран тарапымен бірге Әбу Насыр әл-Фараби мұрасына арналған тарихи-мәдени кешен салу туралы шешім қабылданды.