Жаңа жылға әлі 20 күн бар. Бірақ жұрт арасында мереке қарсаңындағы қарбалас басталып кетті. Тұрғындар, әдеттегідей, билет таппай тентіреп жүр. Қазірдің өзінде тапшылық байқалады. Тапқан күннің өзінде бағасы тым қымбат дейді. Мұндайда араға алыпсатарлар түсіп, аспандағы айды сұрайды. Амалы таусылған халық амал жоқ қайта делдалдардың дегеніне көнеді. Қазір бұл мәселені шешу үшін жауаптылар не істеп жатыр? Аружан Задабек толықтырсын.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Қазір аспанда да, жерде де қалтаң қалың болмаса қамсыз жүру қиын. Жиған-тергенің болмаса, ұшақ түгілі жүрдек пойызға жүгіріп жете алмайсың. Алдын-ала аңдып отырмасаң, сол ақшаға алатын жолдаманың өзін өзгелер жұлып алып кетеді. Сосын таусылғанын естіп тауы шағылған жұрттың айналып келгенде алыпсатарларға күні түседі. Дәмеленген делдалдар осылайша дегеніне жетеді. Алдымен өздері қолдан тапшылық жасайды, артынша жұртты жарылқағандай жоқ жерден билетін табады. Олардың дәурені қазір жүріп тұр. Жарнамасын көріп қоңырау шалдық. Енді сөзінде тұрса менің де Шымкентке барар билетім дайын.
Сіз маған қазір 5 000 теңге жіберіп қоя салыңыз, бронь үшін. Сосын паспортыңызды ватсапка жіберіп қойыңыз. Қандай орын керек, қай бағытқа, сонын бәрін жіберіп жіберіңіз. Сосын тауып беремін билет.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Жылда қайталанатын шуға еті үйренген Қазақстан темір жолы қосымша пойыздар іске қосылады деп уәде берді. Бұл рейстер 23 мың жолаушыны тасымалдай алады. Негізігі бағыт – Шымкент, Алматы, Ақтөбе.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Пойыз құрамында стандартты купе және плацкарт вагондары бар. Сонымен қатар, сұранысы жоғары бағыттарда пойыз құрамдарына 584 қосымша вагон тіркеледі.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Жығылғанға жұдырық. Өзі онсызда арзан тұрмайтын әуе билеттері тағы қымбаттауы мүмкін. Өйткені елде тұтынушы құқығын қорғау туралы жаңа заң жобасы талқыланып жатыр. Бұған дейін әуе билеттерін өткізсең, ақшасы толық қайтарылмайтын. Енді жоғарыда айтылған норма қабылданса, мұндай талап жойылады. Яғни, жоспарыңыз өзгерсе жолдаманың құнын өзіңізге қайтарып береді. Бұл, сәйкесінше, қымбатшылыққа алып келуі мүмкін дейді министрлік.
ТАЛҒАТ ЛАСТАЕВ, ҚР КӨЛІК ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Билет толық қайтарылатын болса, онда бұл шығындар сол рейске келген басқа жолаушыларға біркелкі бөлінеді. Яғни келмеген, бірақ 100 пайыз өтемақы алған адам үшін тасымалдаушының табыс көзі тек өз қызметі үшін төлем болады. Сондықтан, бұл шығындар басқа жолаушыларға жүктеледі. Жалпы алғанда, тарифтердің өсуіне себеп болуы мүмкін.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Бәрін жаңа заң жобасына итеріп қою оңай, әрине. Бірақ бізде бағадағы төнкеріс норма жайлы сөз қозғалмай тұрып-ақ басталып кеткен еді. Мәселен, қазан айында әуе тасымалының баға индексі 123,5 пайыз болды. Осыған ұқсас жағдай екі жыл бұрын да болған. Біраз өңірде ұшақ құны 20 пайызға өсті. Ал Атырау, Маңғыстау облыстарында тіпті 44 процент қымбаттаған.
МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Онсыз да қымбат қазір. Ешқандай невозвратный тарифтар бізде қымбат. Шетелде 10 пайыз тарифті солай сатады екі ай бұрын. Ең арзан бағамен, акциямен сатады. Бізде авиацияны күшейтіп қойған. Біз былай айтып отырмыз, кез-келген бизнес 10 пайыз алып қалуға болады. Ақшамен қайтаруы керек.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Баға шарықтаса да жолаушылар тасымалы азаяр емес. Әуе компанияларының табысы еселеп артып жатыр. Қаңтар мен қазанды мысалға алсақ, осы аралықта 13 млннан астам адам әуе компанияларының көмегіне жүгінген. Пайда өткен жылмен салыстырғанда 9 пайыз көп. Бірақ солай екен деп құнды алды-артына қарамай қымбаттату қаншалықты дұрыс? Оның үстіне студент ауылына асығатын, өзгелер туысымен қауышуға қамданатын кезеңде беттің арын белге байлау орынды ма? Салаға қатысты сұрақ көп, жауап аз.