Маңғыстау облысындағы теңіз балық өсіру фермасында шамамен 30 мың форель шабағы жіберілді. Бұл Орталық Азиядағы алғашқы жоба. Каспий теңізінің акваториясында орналасқан кәсіпорын өңірді бағалы балық түрлерімен қамтамасыз етуді көздейді. Тақырыпты әріптесіміз Назерке Алтынбек жалғастырады.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Каспий теңізі акваториясында орналасқан, Орталық Азиядағы алғашқы теңіз балық өсіру фермасының жұмысымен танысты. Аталған жоба Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыру және аквакультураны дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда. Бұл алдағы уақытта өңір дүкендерінде отандық өндірістегі форельдің сатылымға шығуына мүмкіндік береді.
НҰРЖАН МАРАБАЕВ, «SEMURG INVEST» КОМПАНИЯЛАР ТОБЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Қазіргі таңда жинақтауды ескергенде торларда шамамен 12 тоннаға жуық шабақ бар. Облыс әкімі Нұрдәулет Игликовичтің сапары аясында осы тарихи миссия жүзеге асырылды. Баршаңызды осы айтулы оқиғамен құттықтағым келеді. Себебі біз Қазақстанда теңіз аквакультурасы атты жаңа саланың қалыптасуына куә болып отырмыз.
Аймақ басшысы «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, жаңа автокөліктердің кілтін табыстау рәсіміне қатысты. Автобустар барлық құрал-жабдықтармен қамтылған. Олардың қатарында кондиционерлер, қуатты жылыту жүйелері, бейнебақылау камералары және ыңғайлы орындықтар бар. 20 автобустың әрқайсысы 40 адамға арналған.
СЕРГЕЙ САУЛЬЯН, ЖҮРГІЗУШІ:
Бұрынғы автобустарымызбен салыстырғанда өте жақсы. Бұрынғы көліктерде жазда ыстық, қыста суық болатын. Көп қиналдық, техника әжептәуір ескірген еді. Сондықтан облыс әкімдігі мен комбинат басшылығына жаңа автобустарды сатып алғаны үшін үлкен алғыс айтамын.
Аймақ басшысы кәсіпорын қызметкерлерін жаңа техниканың қолданысқа берілуімен құттықтап, бұл көліктер еңбек өнімділігін арттыруға, сондай-ақ жұмысшыларды қауіпсіз әрі қолайлы тасымалдауға септігін тигізетінін атап өтті.