Қарағанды облысында үздік жыршылар марапатталды

«Тұлпар мініп, ту алған!». Қарағанды облысында «AMANAT» партиясының қолдауымен өткен облыстық жыр байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бүгін бас жүлде иегері 9 сынып оқушысы Райана Әмірхановаға ҚазТұтынуодағы Қарағанды университетінің оқу гранты мен 1 млн теңге сыйақы табысталды. Жеңімпаздың тәлімгер ұстазына  «Халықаралық Қазақ тілі» қоғамы атынан автокөлік тарту етілді. 2 орын иегері Инабат Сәрсенбекқызына 500 мың, ал 3 орынды ұтып алған Жанерке Өмірғалиеваға 250 мың теңге ақшалай сертификаттар табысталды. Оқушылардың жетекші мұғалімдеріне де осындай ақшалай сыйақы табыс етілді. Сондай-ақ арнайы жүлде 300 мың теңге көзі көрмесе де жыр жаттаған Нұрсая Ырзағалиға берілді. Айта кетейік, 114 парақтан тұратын «Бөгенбай батыр» жырын жатқа айтудан  4 мыңнан астам жоғарғы сынып оқушысы жарысқан болатын. Сайыс барысында оқушылардың жырды толық жаттауы, мәнерлеп айтуы ескерілген. Жалпы байқаудың мақсаты балаларды кітап оқуға баулу, ұлттық мұрамызды дәріптеу. Байқау келесі жылы Қостанай облысында өтеді.

РАЙАНА ӘМІРХАНОВА, БАС ЖҮЛДЕ ИЕГЕРІ:

Бұл жырға қыркүйек айының 12- сінші күнінен бастап дайындалған болатынмын. Күніне 4-5 беттен қосып отырып 2-3 айда толық жаттап бітірдім. Және де бұл жырға қатысу арқылы өзімнің сөздік қорымды дамыттым десем де болады.

ЖАНСАЯ ЖАРЫЛҒАПОВ, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мазмұнына қарап кейіпкерлерін талдай отырып жаттау бір басқа механикалық жаттау бір басқа осыны біз сараптауға тырыстық яғни жырды жатқа айтудан, оны мәнерлеп айтудан бір сараптап алдық та қазақ әдебиетінің тарихына байланысты жырдың өзіне байланысты сұрақтар болды. Сол сұрақтарға жауап берді.