Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мамандары A(H3N2) тұмау вирусының, яғни Гонконг тұмауының әлемде жылдам таралып жатқанын мәлімдеді, деп жазды Қазақпарат БЕЛТА-ға сілтеме жасап.
Қазіргі таңда вирус 30-дан астам елде тіркелген. Бұл туралы ұйымның эпидемиялық және пандемиялық қатерлерді басқару департаментіндегі жаһандық респираторлық қауіптер бөлімінің басшысы Вэньцин Чжан хабарлады.
Солтүстік жартышарда қыс мезгілінің басталуымен тұмау және басқа да тыныс жолдары вирустарына шалдығу деректері көбейіп отыр. Алайда мамандардың айтуынша, әлемдік деңгейдегі тұмау жұқтыру көрсеткіші әзірге болжамнан аса қойған жоқ.
Сонымен бірге ДДСҰ A(H3N2) вирусының J.2.4.1 деп аталатын жаңа қосалқы түрінің пайда болып, тез таралуына ерекше назар аударып отыр.
Вэньцин Чжанның айтуынша, бұл вирус алғаш рет тамыз айында Аустралия мен Жаңа Зеландияда анықталған. Кейіннен ол Оңтүстік Америкадан басқа әлемнің барлық өңірлеріндегі 30-дан астам елде тіркелген.
ДДСҰ өкілінің мәліметінше, қазіргі эпидемиологиялық деректер аурудың ауыр өту жағдайларының артқанын көрсетпейді. Алғашқы зерттеулер қолданыстағы маусымдық тұмауға қарсы вакциналардың жаңа вирусқа қарсы тиімділігін сақтап отырғанын, яғни ауыр асқынулардың алдын алып, ауруханаға жатқызу қаупін азайтатынын көрсеткен.
Сонымен қатар тұмаумен бірге респираторлық-синцитиалдық вирус, коронавирус және риновирустар сияқты басқа да тыныс жолы инфекциялары айналымда жүр.
Осы жағдайға байланысты бірқатар елдерде денсаулық сақтау жүйесіне қосымша салмақ түсіп отыр. Бұл тек тыныс жолы ауруларымен ауруханаға жатқызылғандар санының артуымен ғана емес, сонымен қатар басқа маусымдық вирустық инфекциялардың көбеюімен де байланысты.