«Жұмысты күшейтіңдер»: Олжас Бектенов әкімдерге қатаң тапсырма берді

«Жұмысты күшейтіңдер». Олжас Бектенов өңір әкімдері мен министрлерге қатаң тапсырма берді. Дәлірек, азық-түлік бағасын тұрақтандыра алмай отырған басшыларға ескерту жасады. Соңғы айларда Ұлытау, Ақмола және Атырау облысында кейбір тауарлар негізсіз қымбаттаған. Бұған дейін Үкімет құнды бір қалыпта ұстайтын бірнеше шара қабылдаған еді. Бірақ кей өңірдің басшысы мұны пысқырмаған сыңайлы. Бұған Премьер-министр ашулы. Десе де, экономикада өсім бар. Нақты қай сала жетістікке жетті? Әріптесім Аружан Задабек рет-ретімен түсіндірсін.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Жаңа жыл келе жатыр дегеннен бастап, елдің үркейтіні азық-түлік бағасы. Жыл сайын мереке қарсаңында тағы қымбаттап кетпей ме деп тақым қысатыны жасырын емес.  Үкімет бұл мәселені алдын-ала реттеген. Негізсіз құн өсіретіндерді жазалаймыз деген. Бірақ мұны пысқырмай, қателікке жол берген әкімдер әлі   бар. Нақтырақ, Ұлытау, Ақмола және Атырау облысында инфляция көрсеткіші өскен. Олжас Бектенов  тауар теңгесін тұрақтандыруға барлық мүмкіндік бола тұра қолқусырып отырған басшыларды сынады. Бірнеше тапсырма берді.

Рет-ретімен тоқталайық. Үкімет басшысы алдымен Сауда министрлігіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін уақытша кеңейтуді тапсырды. Бұл — бағаны әкімшілік жолмен тежеудің тағы бір әрекеті. Сондай-ақ ет құнына ерекше назар аудару қажет екенін айтты. Өйткені азық-түлік инфляциясының негізгі үлесі дәл осы өнімге тиесілі. Астанада арзандатылған сиыр етін сату тәжірибесін бүкіл елге тарату ұсынылды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Өңір әкімдерінде азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін жеткілікті құралдар бар. Тек осы бағыттағы жұмысты күшейту керек.

Жалпы, биыл ел экономикасы 6,4%-ға өсті. Нақты сектордағы жетістік – 8,3 пайыз. Негізгі драйверлер — құрылыс, көлік және тау-кен өнеркәсібі. 11 айдың ішінде сауда 8,8, ауыл шаруашылығы 6,1, өңдеу өнеркәсібі 5,9 пайызға артты.

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ - ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Инвестициялардың ең жоғары өсуі болашақ сапалы өсу базасын қалыптастыратын салаларда байқалуда. Қаржы қызметінде – 82,8%-ға, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен жабдықтауда – 57,9%-ға, білім беруде – 31,6%-ға, ақпарат және байланыста – 24,5%-ға, ауыл шаруашылығында – 24,1%-ға, өңдеу өнеркәсібінде – 20,7%-ға, көлік қызметтерінде – 13,3%-ға өсу тіркелді.

Өсімнің тағы бір «локомотиві» — инвестиция. Негізгі капиталға салынған инвестиция 13,3 пайызға өсіп, 18,5 трлн теңгеге жетті.Өңдеу өнеркәсібінде де қозғалыс бар.Автокөлік жасау 15, электр жабдықтары 16,7 процент артты. Сыртқы саудада да жағдай жаман емес.Экспорт 64,6 млрд, импорт 51,7 млрд доллар. Тау-кен өнеркәсібі, әдеттегідей, алда. Мұнай өндіру 14, газ 16, көмір 9 пайызға көбейді.

САПАРБАЙ ЖОБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Қазақстан экономикасының 11 айдағы өсімі 6,4 пайыз болғанын көрсетті. Бұл біздің ЖІӨ өткен жылдармен салыстырғанда жоғары дәрежеде өсуі. Бұл енді Ұлттық банк, Үкіметіміздің және де биліктің стратегиялық жоспарларды жүзеге асырудағы біраз жетістігі десе болады.

Биыл барлық бағыттың алды болған сала- Ауыл шаруашылығы. Орақ маусымы сәтті аяқталып, тіпті рекордтық көрсеткіш тіркелді. 27 млн тонна астық қамбаға құйылған. Күн райының қолайлы болғаны- бір, жер емген жұрттың ризығы -екі. Нәтижесінде агроөнеркәсіп кешеніндегі өсім 6.1 процентті көрсетті. Сондай-ақ қараша айының қорытындысы бойынша инфляция төмендеп, 12% деңгейінде тұрақтаған. Ал теңге бағамы 2,4%-ға нығайды.

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Айырбас бағамының серпіні дезинфляциялық саясаттың жүргізілуімен байланысты. Бұл теңгедегі активтерге деген қызығушылықты шетел инвесторлары арасында арттырды.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Жетістік бар. Бірақ кем-кетік те жоқ емес. Ақмола, Павлодар, Жамбыл, Алматы және Ақтөбеде инвестиция артса,  Атырау мен Қарағанды облысында керісінше төмендеген. Үкімет басшысы артта қалған өңір әкімдері барлық түйткілді мәселені тікелей бақылауға алып, шұғыл түрде нақты шара қабылдауы қажет деді. Нақты тапсырма берді.