Қаладағы ауыз судың сапасына оралдықтардың көңілі толмайды

Қаладағы ауыз судың сапасына оралдықтардың көңілі толмайды. Шүмектен ағатын судың түсі қарайып, тіпті лайланып кетеді дейді. Амалсыздан  арнайы сүзгі сатып алып, суды өздері тазартып тұтынуға мәжбүр екенін айтады.

Судың сапасына көңілі толмаған Нағима Сәрсенова Жерұйық іздеген Асан Қайғы секілді соңғы жылдары жиі пәтер ауыстырумен болыпты. Қазір қаланың қақ ортасынан үй сатып алса да, таңдайына татитын таза суды әлі таппаған. Құтыдағы өңделген суды сатып алуға мәжбүр.

НАҒИМА СӘРСЕНОВА, ТҰРҒЫН:

Қызыма: Балам, қызым, орталыққа көшейікші деп айттым. Ол жақтың суы таза сияқты. Сосын осында көштік. Бір-екі ай жақсы болды, сосын басталды. Арыз берсек су тазаланады. Тынышталсақ, су қайтадан бүлінеді. Су негізінен қоп-қоңыр боп кетеді.

Ал қаланы сумен қамтитын кәсіпорын өкілдері суды зарарсыздандырудың жаңа тәсіліне көшіп, жерасты суын тазартатын жаңа жүйе сынап жатқанын айтады. Осылайша бұған дейін қолданған улы хлордан бас тартыпты.

ЖЕҢІСМҰРАТ ӘБДІРАХМАНОВ, "БАТЫС СУ АРНАСЫ" ЖШС ӨНДІРІСТІК ТЕХНИКАЛЫҚ БӨЛІМНІҢ БАСТЫҒЫ:

Мұның бәрі уақытша қолайсыздықтар. Ал суы лайланған үйлердің құбыр желісінде циркуляция жоқ. Су мөлдір әрі таза болуы үшін ішкі желіні тазартып жіберу керек. Қазір сыналып жатқан ауыз суды зарарсыздандыратын қондырғыны құбыр ішіндегі түрлі шөгіндіні түгел шайып шығады.

Мамандардың айтуынша, сынақ уақыты кемінде 3-4 айға созылады. Бұл - шамамен келер жылдың Наурыз айына дейінгі аралық. Жыл жаңарғанда желі де тазарады деп сендірген мамандар оған дейін суды қайнатып ішуді ұсынады.