Шымкентте апатты үйдің тұрғындары жаңа баспананың кілтін алды

Шымкентте апатты үйде тұратын 20 отбасы баспаналы болды.  Тәуелсіздік күніне орай   жаңа пәтердің кілті табысталды. Енді олар Шымкент-сити және Тұран шағын аудандарына қоныстанады. Бұл  реновация бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. 

Көксай шағын ауданындағы бұл апатты  баспаналар өткен ғасырдың 50-60 жылдары салынған. Тозығы әлдеқашан жеткен үй иелеріне жаңа пәтердің кілті табысталды. Реновация бағдарламасы бойынша бұл жолы 20 отбасы қамтылды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қуаныш иелерін құттықтады.

ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ҚАЛА ӘКІМІ:

Үйлеріңіз берекелі болсын. Той болсын үйлеріңізде. Бұл жұмыс тоқтамайды. Көріп жатырсыздар ғой, шетінен беріп жатырмыз. Инвесторлар табылғаннан кейін сіздерге де уақыты келеді. Мейрамға қарсы үй алған кісілерге бәріне қуаныштымыз.

Жаңарту тұжырымдамасын іске асыру басталғалы бері бұл ауданнан 103 отбасы көшірілді.

ДАНИЯР АХМЕТЖАНОВ, "SHYMKENT" ӘКК" АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Бұдан бұрын 83 отбасыға кілт берілген. Бүгін 20 пәтер. Бұның алдында 9 үйге бердік, бүгін екі үйге бердік. Барлығы 11 үй болды осы Көксайда. Бұл Көксайда осындай 2 этаж үйдерден 23 үй бар. Біз қазір осы Көксайдағы пәтерлерден 50 пайызын жаңарттық деп айтуға болады этаж үйлердің.  

Тұрғындар Шымкент-сити және Тұран шағынаудандарындағы абаттандырылған үйлерге көшіріледі. Таза әрлеумен тапсырылған пәтерлердің бөлме саны бұрынғы үйлерге сәйкес келеді және қоныстануға толық дайын. 

БАҚЫТ АЙТЖАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Біздің үйлеріміз шынында да жүз жыл болған үй. Ескірген. Авариный состояние уже. Сөйтіп үкімет бізге жаңа үй береді деген кезде қатты қуандық. Даже сенбедік шындығында. Міне үйді біз қазір аралап шықтық. Өте керемет, ұнады. Біздің ол жақтағы үйімізден көлемі жағынан үлкен. Өте әдемі. Терезеден қарасаң айналаның бәрі керемет. Жаңа жер. Қатты көңілімізге қонып тұр. Құдай қаласа осы үй бізге берекелі қайырлы болсын дейміз. 

Көксайда 217 пәтер  жаңартуды қажет ететін. Тұжырымдама аясында тұрғындарды көшіру және оларды жайлы баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жалғаспақ. Ал апатты үйлердің орнына әлеуметтік нысандар салынып, барлық жағдайы жасалған заманауи ауданға айналмақ.