Өлім-жітім төмендеді, нәресте өлімі азайды: Медицинада қандай өзгеріс бар?

Биыл өлім-жітім өткен жылмен салыстырғанда 2,6 процентке төмендеді. Оның ішінде шетінеген сәби саны кеміген. Былтырғыдан 18 пайыз аз. Сәйкесінше, халықтың көбі медициналық көмектің сапасына қанағаттана бастаған. Осы жылы дәрі-дәрмек қоры да кеңейді. 3 миллион пациент тегін препарат алды. Тапшылық тудырмау үшін 21 теңгелік қор құрылды. Саладағы өзге де өзгерістер туралы Аружан Задабек айтады.

Биыл медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі артты. Бастысы, халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері көз қуантады.

Мезі қылған МӘМС жүйесін жетілдіруге ден қойыла бастады. Заң қабылданды. Енді әлеуметтік осал топтар үшін жарналарды өңірлік әкімдік төлейді. Бұл 2026 жылы жүйемен қосымша 1 миллионнан астам адамды қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоғары табысы бар азаматтар үшін әділ жарна жүйесі енгізіліп, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жылына 200 миллиард теңгеге дейін артады.

Өлім-жітім төмендеді, нәресте шетінеуі азайды.Ана мен бала денсаулығын қорғау – мемлекеттік денсаулық сақтау саясатының басым бағытына айналды. Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде перинаталдық көмектің үш деңгейлі жүйесі жетілдірілді.

МАҒРИПА ЕМБЕРГЕНОВА, ҚР ДСМ АНА МЕН БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫН САҚТАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Ана мен бала денсаулығы – министрліктің басым бағыты. Биыл біз жүктілікті жоспарлап жүрген әйелдерге жағдай жасауға, оларды алдын ала тексеруден өткізуге және уақытылы сауықтыруға басымдық бердік. Әсіресе шалғай өңірлердегі жүкті әйелдерге көрсетілетін көмекті жақсартуға, балаларға медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілді.

Алғашқы медициналық көмек көрсету саласы күшейді.

Скринингтен өту жасы 76 жасқа дейін ұзартылды. Енді 3,4 млн адам жыл сайын тексерістен өтеді. Бұрыңғыдай ұзын сонар кезек күтудің қажеті жоқ. Пациент маршруты оңтайландырылды. Тегін дәрі-дәрмекпен қамту ісі жолға қойылды. 3 млн пациент ақысыз препарат алды. Тапшылықты болдырмау үшін 21 млрд теңгелік қор құрылды.

Соңғы кезде болып жатқан түрлі жағдайға байланысты медицина қызметкерлерін қорғау ісіне ден қойыла бастады.

Осы мақсатта Қылмыстық кодекске жеке бап енгізу жұмыстары жүргізілуде. Кеше Мәжіліс талқылап, норманы Сенат қарауына жіберді. 152 медициналық нысанда полиция бекеті ашылды. Қызметкерлердің киіміне бейнебақылау, дабыл түймелері және видеожетондар орнатылды.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Өйткені жай адамды ұрсаң, қолын сындырсаң бір мәселе. Ол жұмыс істей беруі мүмкін. Ал хирургты сындырсаң ол мыңдаған адам сол мықты хирургтың отасынан өте алмайды. Ол отасын жасай алмайды. Оның карьерасы осымен бітті деген сөз.

Кард демекші, қазір біраз өңірде медициналық қызметкер жетіспейді. Мәселені шешу үшін министрлік кешенді әлеуметтік шараларды іске қосты.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 8,5 млн теңгеге дейін көтерме жәрдемақы мен үй алуға жеңілдетілген несие беріледі. Шалғайға жұмысқа тұрсаң еңбекақыға 25–50% үстемақы қосылады. Нәтижесінде соңғы екі жылда ауылдық жерлерге 1 100-ден астам дәрігер мен 2 300 орта буын медицина қызметкері тартылды.

БАҒЖАН МҰХАМЕТБЕК, ҚР ДСМ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ АДАМИ РЕСУРСТАР ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Биылғы жылы бізде  3986 штаттық дәрігерге тапшылық байқалады. Бірақ бұл өткен жылдармен салыстырғанда 17 процентке төмендеген. Оны айта кету керек. Жалпы дәрігер тапшылығына келетін болсақ, Алматы, Астана қаласында, СҚО, Түркістан облысы аса көп тапшылық бар өңірлер болып табылады.

Саланы цифрландыруда да оң нәтиже бар. Бастысы, құжат айналымы мен дәрігер жүктемесі 40%-ға азайды. Профилактика және қоғамдық денсаулық мәселесі де жүйелі. Энергетикалық сусын, темекі мен алкоголь шектеу қойылды. Салауатты өмір салтына басымдық берілді.