Зеленский: «Трамп – соқыр»

Мен бір жылда жеткен жетістігіме ешбір АҚШ Президенті жете алмады. Керісінше, алдыңғы басшы барлығын былықтырып кетті. Трамп дәстүрлі сөзінде өзін мақтаудан алдына жан салмады. Бірақ, Владимир Зеленский мұнымен келіспейді. Украина басшысы Трампты соқыр дегенді тұспалдап, АҚШ Президентін айыптады. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Менің 10 айдағы атқарған жұмысымды тарихта ешкім істей алмады. Болашақта да істей алмайды. Трамп кезекті рет мақтанды. Тариф саясаты да тиімді болып, елді ақшаға толтырғанын айтуда. Оның барлығын, бірнеше ай жалақы алмаған әскерилерге үстеме ретінде қосып беру туралы дәл бүгін жарлыққа қол қойды.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен дер кезінде Президент болдым. Бірден Ұлттық Қауіпсіздігімізбен айналысып, Оңтүстік шекарамызды шегендедім. Алжыған Байден бастаған демократтар қазынамызды қаңыратып бос қалдырып еді, оны толтырдым. Әр америкалық алдағы уақытта менің арқамда байлыққа кенеледі.

Трамп, Венесуэлаға ашық талап қойды. АҚШ Президенті Латын Америкалық елдің мұнай инфрақұрылымын толық жойып жібермек. Қазір, Венесуэламен қарым-қатынасы бар елдер мен компаниялардың барлығы санкция астында қалуы мүмкін. Егер Николас Мадуро Трамптың талаптарын орындамаса, соғыс ашуы мүмкін деп қорқытты.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Олар біздің бүкіл мұнайды, барлық техниканы ұрлап алғанын білетін шығарсыздар. Сол кездегі біздің Президент бұған мән бермей үлкен қателік жасады. Ол шығынның барлығын есептеп жатырмыз. АҚШ мұнай компанияларының барлық шығынын толық өтемесе, Венесуэланың жағдайы қиын болады.

Трамп – соқыр. Зеленский АҚШ Президентін осылай мазақ қылды. Украина Президентінің айтуынша, Ресей келесі жылы да соғысты тоқтатпауға шешім қабылдаған. Ал, оған Трамп көз жұма қарап отыр екен-міс.

ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің одақтастарымыз, әсіресе, АҚШ көзін ашып қараса жеткілікті. Қазіргі болып жатқан процесстерді көрер еді. Ресей жасырмай-ақ, келесі жылға қыруар әскери бюджет дайындап қойды. Әскер жинап жатыр. Бірақ, біз ғана шырылдаймыз. Басқаларының шаруасы жоқ.

Испания жаппай мигранттарды елден қуып жатыр. Әсіресе, Каталонияда қарқын қатты. Автономияның орталығы Барселонада уақытша баспанадан қуылып жатқан мигранттар тәртіп сақшыларымен қақтығысты.