Астана, Алматы және Шымкентте қоқыс өртейтін зауыт салынады. Ол үшін 293 млрд теңге инвестиция тартылмақ. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты. Елде жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам коммуналдық қалдық түзіледі, ал қайта өңдеу деңгейі 28,6%-ға жеткен. Сондай-ақ, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтау және жою бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда.
ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:
Биыл ғарыштық мониторинг арқылы 3 827 қоқыс полигоны анықталып, оның 3 464-і немесе 91 пайызы жойылды. 2018 жылмен салыстырғанда қоқыс полигонының саны 45 пайызға азайды, бұл оң нәтиженің дәлелі.
Үкіметтің биыл атқарған жұмыстары бойынша су ресурстары және ирригация министрі де брифингте ақпарат берді. Биыл Қапшағай су қоймасын реконструкциялау және Батыс Қазақстан облысында жарты ғасырдан астам уақыттан бері жөндеу көрмеген Киров су қоймасын күрделі реконструкциялау аяқталады. Былтыр Ақтөбе су қоймасы жаңғыртылды, сондай-ақ бес жыл бойы тоқтап тұрған Қызылорда су торабын жөндеу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, 224 елдімекенді сумен қамтамасыз ететін 13 топтық су құбыры пайдалануға беріледі.
НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ:
Түркістан облысында Қарақуыс жəне Бəйдібек-ата су қоймаларының құрылысы жалғасып жатыр. Оларды 2026 жылы аяқтау жоспарланған, бұл шамамен 69 млн текше метр қосымша су жинауға мүмкіндік береді. Мұнымен қоса, Ислам даму банкі қарызының бірінші траншы қаражаты есебінен 2026 жылы үш жаңа су қоймасының құрылысы басталып екі су қоймасын реконструкциялау көзделген.