Қыс басталғалы 1200-ге жуық адам қар құрсауында қалды

Қыс басталғалы 1200-ге жуық адам қар құрсауында қалды.  Оның 130-ы – бала. Тұрғындардың көбі ескертуді елемей жолға шыққан. Қазавтожол бүгін де ауа райына байланысты ескерту жариялады. Бірнеше өңірде жол жабық. Боранға қарамай бөрік киіп көлікке отыратындар нені білу керек? Талапты орындамаған жүргізушілерге жаза қандай? Өңірдегі әріптестерім тарқатады.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Қазақта «Боранды күні бала құтырар, Желді күні ит құтырар» деген сөз бар. Қазіргінің кейіпі осыған ұқсайды. Бала емес, ересектің өзі ескертуді елемей, көзін жұмып жолға шығады. Аязды аяз, көктайқақты кедергі көрмейтіндер көлігіне отырып, кердең басатыны жасырын емес. «Ештеңе етпейді» деген бір сөз ескірмейтін ұранына айналған.

СӘКЕН ДІЛДАХМЕТ, "ҚАЗАВТОЖОЛ ҰК" АҚ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Көп азамат болады хабарламаны ескермейді, жаңалықтарды оқымайды. Әйтеуір өтіп кетеміз ғой деп кетеді де, жолда тұрып қалады, боранда қалып қалады. Өткен демалыстың өзінде Қарағанды, Ақмола облысында көлік қозғалысын жапқан кезде көліктер жиналды.  Сол көліктердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында 7 мыңға жуық көлікті сүймелдеп өткізген болатынбыз.

Айтқанға көнбей, төтеншеліктерге сенбей жолға шыққандар жалғыз өзі емес, бала-шағасын да аямайды. Суықта үсігені былай тұрсын, жол апатына ұшырайды. Жоғалып, іздеу жарияланғандары да бар. Екі айда құтқару бөлімшелері қар құрсауында қалған 1200-ге жуық адамды, оның ішінде 130 баланы қауіпсіз жерге эвакуациялады. Алдағы күндері бірқатар өңірде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, сондай-ақ қар жаууы мүмкін. Бұл жол қозғалысына айтарлықтай әсер етіп, көлік қатынасын қиындатуы ықтимал. Сондықтан жауаптылар сақ болуды ескертеді.

АРУЖАН МҰРАТОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Ел аумағында тұман, көктайғақ, сондай-ақ желдің күшеюі күтіледі. Температуралық фонға келсек, солтүстік-батыс, солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде ауа температурасы 0–5 градустан 18–30 градус аязға дейін күрт ауытқиды, ал Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында 33–35 градусқа дейін аяз күтіледі.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Қазір төтенше жағдай кезінде адамдарға көмек көрсету үшін 44 мыңнан астам құтқарушы мен 14 мыңнан аса арнайы техника дайын тұр. Қазавтожол бүгін ауа райының бұзылуына байланысты бірнеше өңірде жол қозғалысына шектеу қойды. Өзгеріс кез келген уақытта жариялануы мүмкін. Ешкім хабарсыз қалмайды, хабарлама бірден жіберіледі. Егер қосымша сұрағыңыз болса 1403 байланыс орталығына хабарласып, тәулік бойы ақпарат алуға болады. Жол жабылып, ауа райы күрт құбылған өңірлердің қатарында Қостанай облысы бар. Заңғар, қазір жағдай қалай? Зардап шеккен тұрғындар бар ма?

ЗАҢҒАР САНАЙ, ТІЛШІ:

Рақмет, Аружан! Қостанай облысының солтүстігінде  қалың қар жауып, оңтүстігінде бұрқасын, көктайғақ болып жатыр. Желдің екпіні кейбір жерде секундына 20 метрге дейін жетті.  Бірнеше  бағыттағы тас жол уақытша  жабылды.

Алайда ескертуді елемей жолға шығатындар қатары азаймай тұр.Полиция екі жүргізушіге қатысты әкімшілік  іс  қозғап, оларға 117 мың теңге айыппұл салынғанын айтты. Әлгі көлік тізгіндеушінің біреуі жол сақшыларының айтқанына көнбей, блок посты бұзып өтпек болыпты.

МАХАББАТ ҚҰСАЙЫНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПД ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Ауа райының нашарлауына байланысты полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып жолдарды жабу жөнінде шешім қабылдайды.Қазіргі таңда әр ауданның аумағында жолаушылар түнейтін, көліктерді жылытатын орындар дайын тұр.

Өңір құтқарушылары да бір айдың көлемінде

22 апаттық –құтқару жұмысын  атқарып, 99 адамды қауіпсіз жерге апарған.Жолда қалған 20 көлікті сүйреп жеткізген көрінеді.

ЗАҢҒАР САНАЙ, ТІЛШІ:

Техника сақадай сай, құтқарушылар дайын отыр.Облыс көлемінде 14 мың адам сиятын  258 пункт бар. Алайда ауа райы қолайсыз күні жолға шықпаған абзал.Айыппұлды айтпағанда аман-сау қаласыз.Біздің жақтағы жағдай осылай. Ал Атыраудың ауа райын әріптесім Базаргүл Нәдірқызы баяндайды.

БАЗАРГҮЛ НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Атырауда соңғы он күннен бері  ауа-райы құбылып тұр.  Қалың қар түспесе де әлсін-әлсін бұрқасындатып жауған ақ ұлпа  бірден еріп, жер көк тайғаққа айналуда.  Сондықтан полицейлер қауіпті  жолдарды уақытша жауып жатыр.

Бұл -  тәулігіне 8 мыңнан астам көлік өтетін Атырау-Ақтөбе республикалық автомобиль жолы.  Бұл жол арқылы көршілес  Өзбекстан, Түркіменстан елдерінің жүк көліктері жиі өтеді. Әзірге ашық тұр. Бірақ қырық құбылған ауа-райына байланысты қаланың шыға берісінде 23 бағытта жол патрульдік  экипаждар  әр көлікті тоқтатып ескерту жасап жатыр.

Соңғы он күнде  республикалық  жол жет рет, облыстық маңызы бар тас жол төрт мәрте жабылды. Осылайша қауіптің алдын алған. Дегенмен, кейбір жауапсыз мердігер мекемелер жолды уақытында тазаламай, қиыншылық орын алғанын жасырмайды.

ТІЛЕПБЕРГЕН АҚБОЛАТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Мәселе  туындап тұрған біздерде жолдар бар. Қазіргі уақытта республиканы айта кететін болсақ, Хамит Ерғалиев – Махамбет автомобиль жолы ұзындығы 45 шақырымды құрайды. Орташа жөндеу жұмыстарының  жүргізілуне байланысты  мердігер мекеме қазіргі уақытта тиісті деңгейде қызмет атқармай отыр. Яғни сол себепті қиындық туындап отыр. Жауын –шашын боғлан кезде, қар болған кездерде құралдар шығып, коммуналдық техникалар шығып, жолды уақытында  тазаламайды.

Қиын жағдайда қалғандар үшін әр аудан орталығында  жылыту пункттері жұмыс жасап тұр.  Республикалық  маңызды жол үшін  4760 текше метр құм мен  3170 тонна тұз дайын.

БАЗАРГҮЛ НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Дәл қазір  87 шақырым  облыстық маңызы бар Индер – Сағыз автокөлік жолы жабық тұр.  Полицейлер ескертуіне құлақ аспай, жол көлік апатына түсіп жатқандар да бар.  Сондықтан тұман мен көктайғақта қиындыққа тап болмас үшін,  беймезгіл уақытта жолға шықпауға кеңес береді.