Елордада Ресей астанасы Мәскеудің мәдени күндері өтіп жатыр. Қос қаланың достығы дәріптелуде. Көрші елден келген өнерпаздар рухани кеш сыйлап, астаналықтардың көңілін көтеруде. Мәдени шараға әріптесім Үсен Астана қатысып келді.
Арқа төсіндегі ажарлы Астанамызға солтүстіктегі көршіміздің бас шаһарынан мәртебелі меймандар ат басын бұрды. Елорда аспанын мерекелік шуаққа бөлеуді мақсат еткен мәскеулік өнер ұжымы алғашқы күннен-ақ астаналықтарға ерекше мәдени тартуларын ұсынды. Арадағы 2700 шақырым қашықтықты жылылықпен жақындатқан қонақтар кішкентай бүлдіршіндерге «Буратино» ертегісін сахналап, жаңа жылдық сиқыр сыйлады. Алыстан жеткен тәтті сыйлықтар мен өрелі өнер кеші балалардың жадында ұзақ сақталмақ.
ЭЛЬМИРА ЩЕРБАКОВА, МӘДЕНИ ШАРАНЫ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:
Біздің достығымыздың тарихы терең, ал болашағы — бүгінгі балдырғандардың қолында. Ширек ғасырлық белесті балалардың күлкісімен бастауымыздың мәні де осында. Олар — біздің достық дәнекерімізді жалғастырушы ұрпақ. Сондықтан да Астананың ертеңгі иелеріне Мәскеудің мерекелік сәлемін, тәтті сыйлықтары мен шынайы мейірімін ала келдік.
Биылғы бағдарламаның өзегі — шымырлық пен шеберлік. Татамиде белдесетін дзюдошылар мен нәзіктік символы — гимнасшылардың өнері елордалықтарды салауатты өмір салтына баурамақ. Шараның шарықтау шегі — ширек ғасырлық достыққа үлес қосқан тұлғаларды ұлықтау. 25 жыл бойы ынтымақты нығайтуға аянбай тер төккен жандар мараптталмақ. Бұл қажырлы еңбекке қалалық маслихат депутаттары да белсене ат салысқан.
БАУЫРЖАН ҚАСЫМБЕРГЕБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ МАСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Мәскеу қалалық Мемлекеттік Думасы мен Астана мәслихатының заң шығарушы органдары арасында өте тығыз мәдени байланыстар бар. Біздің астаналарымыз – бауырлас қалалар, ал қалыптасқан мәдени ынтымақтастықты біз, депутаттар, белсенді түрде қолдаймыз. Соның ішінде осындай мәдениет күндері мен жаңа жылдық шырша мерекелерін Астана мәслихатының депутаттары ретінде ерекше қолдап келеміз.
Осылайша, Астана төрінде басталған мәдениет күндері қос халықтың рухани тұтастығын тағы бір мәрте айшықтады. Алдағы уақытта да бұл достық дәнекері жаңа жобалар мен игі істермен жалғасын таба беретін болады.