Пәкістанның бұрынғы премьер-министрі, Пәкістан әділет партиясының (PTI) негізін қалаушы Имран Хан және оның жұбайы Бушра Биби, қамауда отырғанына қарамастан, сыбайлас жемқорлық ісі бойынша 17 жылға түрмеге сотталды.
Dawn газетінің жазуынша, Имран Хан мен оның жұбайы 2021 жылы ресми сапар кезінде Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман сыйға тартқан зергерлік бұйымдар жиынтығын оның нақты құнынан әлдеқайда төмен бағамен сатып алды деген айыппен сотталған.
Сондай-ақ оларға шамамен 59 мың АҚШ доллары (16,4 миллион пәкістан рупиясы) көлемінде айыппұл салынды.
Пәкістанның ақпарат министрі Аттаулла Тарардың айтуынша, бұл іс бойынша Имран Ханға тағайындалған түрме жазасы 190 миллион фунт стерлингке қатысты сыбайлас жемқорлық ісі бойынша жаза мерзімі аяқталғаннан кейін басталады.
Аталғандай, Пәкістан заңнамасына сәйкес, премьер-министрлер, министрлер, бюрократтар және жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер шетелдік мемлекет басшыларынан алған сыйлықтары туралы «Тошахана» деп аталатын арнайы департаментке хабарлауға міндетті.
Кейіннен шенеуніктер бұл сыйлықтарды сол департаменттен сатып ала алады.
Сот барысында Имран Хан құны шамамен 285 мың АҚШ доллары (80 миллион рупия) болатын зергерлік бұйымдар жиынтығын небәрі 10 мың АҚШ долларына (2,9 миллион рупия) сатып алғаны айтылды.
Алдыңғы сот отырысында Имран Хан мен Бушра Биби барлық айыптауды жоққа шығарып, мұны «Имран Ханды саясаттан шеттетуге бағытталған ойдан шығарылған әрі саяси астары бар әрекет» деп атады.
Имран Хан 2022 жылдың сәуір айында Ұлттық ассамблеядағы сенім вотумынан өте алмай, премьер-министр қызметінен шеттетілді. Оны 2023 жылғы 9 мамырда Исламабад астанасында қарулы күштер тұтқындады. Оның қамауға алынуынан кейін ел бойынша жаппай наразылық шеруі басталып, Ханның жақтастары Исламабад, Равалпинди, Лахор, Карачи, Пешавар және басқа да көптеген қаланың көшелеріне шықты. Сол кезде 9 адам қаза тауып, 290-нан астам адам жарақат алды.
2023 жылғы 12 мамырда сот шешімімен Хан босатылды. Алайда ол 2023 жылғы 5 тамызда сыбайлас жемқорлық ісі бойынша соттың санкциясымен қайтадан полиция тарапынан қамауға алынып, түрмеге жіберілді. Содан бері ол қамауда отыр.