ШҚО-да Қызыл кітапқа енген сирек жарқанат көзге түсті

Фото: Қатонқарағай ұлттық паркі

Қазақстанның Қызыл кітабына енген, әлемдегі ең аз зерттелген жарқанат түрлерінің бірі — Иконников түн жарқанаты Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағай ұлттық паркінің аумағында көзге түсті.

Бұл туралы Қатонқарағай ұлттық паркінің ғылым, экологиялық мониторинг және ақпарат бөлімі хабарлады. Сирек жануардың суретін бөлім қызметкері Ирина Баева түсірген.

— Иконников түн жарқанаты — Оңтүстік Сібірге тән сирек кездесетін түр. Ол орыс дворяны әрі энтомолог Николай Иконниковтың құрметіне аталған. Ғылыми тұрғыдан әлі де толық зерттелмеген бұл жарқанат Қазақстан аумағында бұрын тек Алтай таулы аймағының батыс бөлігінде, нақтырақ айтқанда Қатонқарағай ауданындағы Черновая ауылы маңында және Тигирец жотасында ғана анықталған, — делінген ақпаратта.

Осылайша, Қатонқарағай ұлттық паркі Иконников түн жарқанатын зерттеу мен сақтауда аса маңызды аумақ болып отыр.