Мемлекеттік кеңесші ұлттық құрылтай мүшелеріне президенттік реформалардың маңыздылығы мен нәтижелері туралы айтты

Астанада Ұлттық құрылтай секцияларының отырысы өтті. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент тапсырмалары мен Бурабайда өткен IV отырыста Ұлттық құрылтай мүшелері тарапынан айтылған бастамаларға тоқталды. Ұлттық құрылтай бастамалары аясында бірқатар маңызды тұжырымдамалық құжат әзірленді. Мәселен, ішкі саясаттың негізгі қағидаттары мен бағыттарын айқындайтын тұжырымдамалық құжат дайындалды. 2026-2028 жылдарға арналған Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. 2025-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының өңірлік даму тұжырымдамасы қабылданды.

ЕРЛАН ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ:

Біз арнайы 53 тармақтан тұратын жоспарды қабылдадық. Сол жоспарда  көрсетілген барлық бастамалардың жүзеге асырылуын бақылауға алдық. Бұл жұмыстың аясында 10-ға жуық заң қабылдану керек.

Мемлекеттік кеңесші Ұлттық құрылтай бастамаларын іске асыру жұмысы жалғасып жатқанын атап өтті. Дәлірек айтқанда, балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған шаралардың барлығын біріктіретін «Қазақстан балалары» біртұтас бағдарламасы әзірленуде. «100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасы, «Асыл мұра» аудио жинағы секілді маңызды мәдени-гуманитарлық жобалар жүзеге асырылды. Сондай-ақ «Хандар шежіресі» қолжазбасы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халықаралық тізіліміне енгізілді.

МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ, ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ: 

Парламент 5-10 жылға ойланып, 15 жылға заң қабылдайтын шығар. Құрылтайда бір  алдымыздағы 50 жылға қарастырып, ойланатын ішкі саясат концепсиясы өте терең. Парламентте заңға сыймайтын нәрселер бар. Заң уақытша нәрсе. Ол өзгеріп тұрады заң. Ал ұлттық идеология, ұлттық құндылықтар, ұлттық мақсат-міндеттеріміз ұзақмерзімді. 

ЗУЛФУХАР ГАИПОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ, ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ: 

Жалпы құрылтайдың қарап отырсақ,  4 отырысы өтіпті. Сол 4 отырыста ылғи да  ұлттық құрылтай мүшелері еліміздегі ең өзекті-өзекті деген мәселелерді көтерді. Құрылтай азаматтық қоғамды дамыту үшін үлкен үлес қосып жатыр. Құрылтайдың өзінің мақсаты да сол. Билік пен азаматтық қоғамның арасын жалғастырушы үлкен алтын көпір.

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ, ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ:

Шешілуі тиіс мәселелердің шешімін табуына осы құрылтайда көтерілген ойлар, ортаға салынған пікірлер, келелі мәселелердің шешімін табуына үлкен, оң серпін берді деп ойлаймын.