Астанада кептелісті азайту үшін жаңа көшелер мен көпірлер салынады

Қазір Алматыны былай қойғанда Астананың өзінде бір жерден бір жерге жету мұңға айналды. Бас қалада қазір 450 мың автокөлік тіркелген. Әкімдік кептелісті азайту үшін жаңа көше салуға кірістік дейді. Келесі жылы Тәуелсіздік даңғылын кеңейту жоспарланған. Тағы екі көпірдің жобасы әзірленуде. Әрі 60 шақырым жол жөнделеді. Осы арқылы шаһардағы кептеліс 2 есе азаюы мүмкін. Бұдан бөлек, елордадағы барлық автотұрақ әкімдік меншігіне өтті.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚАЛА ӘКІМІ:

Көлік жүйесін дамытудың кешенді бағдарламасында автотұрақ саясаты да қарастырылған. Өткен аптада барлық автотұрақ учаскелері мен автотұрақ кеңістігін қала меншігіне өтеусіз беру туралы келісімге қол қойылды. Яғни, осы аптадан бастап қаланың барлық автотұрақ кеңістігі жеке қолда емес, коммуналдық қызметтердің иелігінде.

Ал көп күткен ЛРТ 2 айдан кейін пайдалануға беріледі. Әкімдік енді оны Қосшыға дейін созуды жоспарлап отыр. Қазір Астанада халық саны 1,6 миллионнан асты. Жыл сайынғы өсім жүктемені арттырары анық. Сол үшін биыл төртінші сорғы-сүзгі станциясының құрылысы басталды. Ол алдағы 10 жылда шаһарды сумен жабдықтауды қамтамасыз етеді. Газ мәселесіне келсек, биыл қаланың 95 пайызы табиғи отынмен қамтылған. Келер жылы оны 100 процентке жеткізу міндеті тұр.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚАЛА ӘКІМІ:

Жылу қуаттарын сақтап қалу үшін жаңа «Тельман» газ жылыту станциясының құрылысы жүріп жатыр. Екінші жылу электр орталығын кеңейтуге дайындық және үшінші жылу орталығының келесі кезегін жоспарлау басталды.