Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Үкімет отырысында ауылдар мен шағын қалалардағы өндірісті дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды Astana TV.
«Бағдарлама ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеу, шағын наубайхана, жиһаз және құрылыс материалдарын өндіру сияқты тез нәтиже беретін, технологиялық жағынан қарапайым, жылдам жүзеге асырылатын жобаларға бағытталған», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Қаржылық шарттар
Бағдарламада екінші деңгейлі банктер арқылы жыл сайын 400 млрд теңге несие бөлу қарастырылған.
- Несие: бір жобаға 200 млн теңгеге дейін.
- Мөлшерлемесі: ~8,8% (40%-ы мемлекеттен субсидияланады).
- Мерзімі: 3 жылға дейін.
- «Даму» беретін кепілдік: кепілге қоятын заты жоқ немесе жеткіліксіз болған жағдайда қарыз сомасының 85%-ына дейін.
Ресурстар мен инфрақұрылым
Серік Жұманғариннің айтуынша, бизнес ақшаны ғана емес, нақты ресурстарды да ала алады, олар – жеңілдікпен үй-жайларды, жер телімдерін жалға алу және коммуникациялар жүргізу. Өндірісті тиімді іске қосу үшін сервистік сүйемелдеу және сол салаға бағытталған онлайн-оқыту курстары енгізілуде. Бұл ретте мемлекеттік қолдауды алуда басымдық «Ауыл аманаты» және «Бір ауыл – бір өнім» жобаларына қатысушыларға беріледі.
Өтінімді қалай беруге болады?
Өтінімдерді беру egov.business және Damu Online порталдары арқылы автоматтандырылған түрде жүргізіледі. Шалғай аудандар үшін көшпелі формат қарастырылған: арнайы мобильді кеңселер (автобустар) жергілікті жерлерде кеңес беріп, құжаттарды қабылдайды.