Елде салық реформасы қызу талқыланып жатыр. Әсіресе шағын және орта бизнес өкілдері жұмысымыз тұраланып қала ма деп алаңдаушылық білдіріп отыр. Кәсіпкерлердің қазірдің өзінде қысым көріп отырғанын Үкімет те мойындайды. Сол үшін «Іскер аймақ» атты жаңа бірыңғай мемлекеттік бағдарламаны ұсынды. Жоба, ең алдымен, ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардағы шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Толығырақ келесі сюжетте.
Келер жылы жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Құжатта біраз өзгеріс бар. Бизнес өкілдері үшін бұл – жаңа талап, жаңа есеп. Ал ашығын айтсақ – тұнып тұрған уайым. Бірақ Үкімет «қорықпаңыздар, қолдаймыз» деп отыр. Ол үшін арнайы бағдарламаны да әзірледі.
Ең алдымен 400 млрд теңгеге жуық несие субсидияланады. Бұл үшін 2026 жылы шамамен 24 млрд теңге қажет. Осы арқылы бір жыл ішінде 5 мыңнан астам жобаны қолдау жоспарланып отыр. Басты бағыт - «Іскер аймақ» бағдарламасы. Оның игілігін ауыл шаруашылық шикізатын қайта өңдеу, наубайхана, жиһаз және құрылыс өндіру секілді тез нәтиже беретін әрі жылдам жүзеге асатын жобаларды қолға аламын дейтін азаматтар көре алады. Ескеретіні, бір жобаға берілетін несиенің шекті көлемі - 200 млн теңге. Мөлшерлемесі - 8.8 процент. Кредит 3 жылға дейін беріледі.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
«Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы Мемлекет басшысының тапсырмасына жауап ретінде әзірленген. Бағдарлама Аманат партиясымен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп әзірленді. Бағдарлама шағын кәсіпкерлікті, ең алдымен, ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда ауқымды дамытуға бағытталған.
Шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау жұмыстары жан-жақты жүргізілуде. Мәселен, салық есебін тапсыру нысандарының саны жыл сайын төмендеп келеді. Мәселен 2009 жылдан бері 70-тен 60%-ға азайған.
МӘДИ ТӘКИЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
Енді қосымша 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндеттемелер сомасы 1 млн теңгеден аспайтындар үшін мүлік, көлік және жер салықтары бойынша ағымдағы төлемдерді тоқсан сайын таппсыру міндеті жойылады. Кәсіпкер жыл қорытындысы бойынша бір декларация тапсырып, оларды сол кезде төлейтін болады.
Қазір елде 2 млн-нан астам шағын бизнес субъектісі жұмыс істейді. Онда 4 млн азамат жұмыспен қамтылған. Үкімет басшысы бұл кәсіп иелерін қолдау үшін салықтық есептілік 30%-ға, салықтар мен алымдардың саны 20 пайызға қысқаратынын айтты. Бұл кәсіпкерлердің есеп беруге жұмсалатын уақытын азайтып, бизнесін дамытуға көбірек көңіл бөлінуіне ықпал етеді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Біз жоспарлы салық тексерулерінен толық бас тарттық. Адал бизнес салық органдарының келуін күтпей, алаңсыз жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Айыппұл салуға емес алдын-алуға баса назар аудару, ықтимал заңбұзушылықтар орын алған кезде алдын ала хабардар ету тетігі енгізіледі.
Енді салық органдары жазалаушы емес, сервистік серіктес болуы тиіс. Жоспарлы тексерулерден бас тартылып, қателік анықталса, алдын ала ескерту жасауы міндетті. Сондай-ақ шағын бизнестен түсетін барлық салық жергілікті бюджетке тиесілі болады.