Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин ұрпағы «Кітап оқитын ұлт» жобасына қатысып жатыр

Қостанайда кітапқұмар қауымның кіші құрылтайы өтті. Оқырмандар «Кітап оқитын ұлт» ағартушылық жобасының артықшылығын айтып, оқыған туындылары жайлы ой толғады. Қалың оқырман қатарында Ыбырай Алтынсариннің де ұрпағы бар. 

Басқосуға бірнеше ауданның оқырманы қатысты.Көбі «Кітап оқитын ұлт» жобасының тізіміндегі 15 кітапты оқыған. Олар парақтап  шыққан көркем шығарма  жайлы кеңінен баяндап, кітап оқудың маңыздылығын жеткізді.Айта кетейік пилоттық жобаға облыстан 55 мың адам тіркелген. Кітапқұмар қауымның көшін ұстаздар мен оқушылар бастап тұр.

МҰҚАСАН ЕРІКОВ, КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТІ:

Мен 5 кітап оқып шықтым.Соның ішінде атап өтетінім Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабы.Автобиографиялық кітап.Ол қазақ ұрпағының  тәрбиесін, балаға деген тәрбиесін көрсететін  кітаптың бірі.

Кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бастама оқырмандар қатарын қалыңдата түсті.Қыркүйекте бастау алған жобаның қазір екінші кезеңі жүруде.Қатысушылар оқыған туындының мазмұнын қысқаша түйіндеп, ой-пікірін арнайы сайтқа жолдайды.Ағартушылық бастамаға  ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин ұрпағы да қатысып жатыр.

ӘЙГЕРІМ АЛҒОЖИНА, МҰҒАЛІМ:

Мен педагог әрі сынып жетекшісі ретінде осы жобаға қуана қатысып жатырмын.Оқып жатырмыз. Оқыған кітап жайлы шынайы әсерімізді, ой-пікірімізді сайтқа жолдап жатырмыз.Бұл бастаманың берері өте мол.

Кездесу барысында «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошев оқырмандар сауалына жауап беріп, жоба қатысушыларына сәттілік тіледі.Енді игі бастамаға өңірлік жоба менеджерлерімен қатар «Білім беру өзгерістерінің 1000 көшбасшысы» кадрлық резерві өкілдері де атсалысқалы отыр.Олар қаладағы білім ордаларында кездесу өткізіп,кітап оқып жатқан оқушыларға бағыт-бағдар беріп отырады.

ҚАМАР АХАТ, ҚОСТАНАЙ ЖОҒАРЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОҚУ ЖҰМЫСЫ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Осы жобаға қатысушы барлық оқушы, студенттерге өз көмегімізді тигізуге атсалысамыз.Және сол кісілерге мотивация бере отырып, қалай оқу керек екенін, қалай дайындалу керек екендігін осы кітап оқи отырып , ой пікірін айта білуге өз үлесімізді қосамыз деп ойлаймыз.

«AMANAT» партиясының қолдауымен жүзеге асып жатқан бірегей жоба оқушылар, ұстаздар, колледж және университет студенттері мен мемлекеттік қызметші, әулет секілді  6 бағыттағы оқырманды қамтып отыр. Білім сайысының аудандық, қалалық іріктеу кезеңі ақпан айында өтеді. Облыстық кезең наурыз айында. Жеңімпаздар  қомақты ақшалай сыйлық алады.