Биыл қазақстандық өнерпаздар үшін жарқын жетістікке толы жыл болды

  • AstanaTV
  • 23 желтоқсан 2025

Биыл қазақстандық өнерпаздар үшін жарқын жетістікке толы жыл болды.  Отандық өнер иелері  ел мәдениетінің жоғары деңгейін дүниежүзіне танытып,  көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Димаш Құдайбергеннің әлемдік аренадағы концерті және  жас таланттардың өзге де жеңістері ел мерейін үстем етті.

Жыл басында Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden сахнасында Димаш Құдайбергеннің жеке концерті өтті. Кеш барысында «Адай» күйі мен жаңа «Самғау» әні орындалып, қазақтың ұлттық аспаптары әлемдік сахнада жаңғырды. Сондай-ақ, биыл Димаш  БҰҰ Халықаралық көші-қон ұйымының Аймақтық ізгі ниет елшісі атанды.

Ал Ержан Максим Дубай қаласында өткен Sanremo Best Song – 2025 халықаралық байқауында Гран-при иегері атанды.

Александр Лим Қазан қаласында ұйымдастырылған XXI «Жаңа толқын – 2025» конкурсында, Алмагүл Батталиева XXXIV «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінде Гран-при иегері болды.

El Voice тобы «Soldier’s Envelope – 2025» халықаралық фестивалінде үздік деп танылды.

Алматы облысындағы Қайназар ауылының оқушысы Мирас Нағашыбай XXIII «Витебск» халықаралық балалар музыкалық байқауының жеңімпазы атанды.

Жасмин Түзелова Ресейде өткен «Голос. Дети» жобасының ал Ернар Садырбаев Мәскеуде өткен «Интервидение – 2025» халықаралық байқауының финалисі болды.

Қазақстандық өнерпаздардың жетістіктері ел мәдениетінің дамуын тағы бір мәрте дәлелдеді. Шығармашылық оқу орындарының 1511 студенті республикалық және халықаралық фестивальдерде жеңімпаз атанып,  абыройды асқақтатты.