Түнгі жұмыс режимі, адамдардың жаппай жиналуы және алкогольдік ішімдіктер ойын-сауық орындарында криминогендік жағдай қалыптастырып, қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Қаңтар айынан бері Петропавл қаласында "102" арнасына кафе мен барлардың қызметіне қатысты 922 хабарлама түскен. Қабылданған шаралар нәтижесінде 37 қылмыстық іс қозғалды: оның 16-сы – жеке адамға қарсы, 11-і – мүлікке қатысты, 10-ы – қоғамдық тәртіпке қол сұғу деректері бойынша. Мәселені шешудің ықтимал жолдары туралы СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың төрағалығымен өткен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында СҚО полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов баяндады. Қазіргі уақытта алдын алу шараларының кешені жүзеге асырылуда. Демалыс және мереке күндері рейдтік іс-шаралар мен жедел-профилактикалық тексерулер тұрақты түрде жүргізіледі. Автопатрульдер, жедел әрекет ететін арнайы жасақ қызметкерлері және учаскелік инспекторлар жұмылдырылады.