Елімізде Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі қолданылады

Қазақстанда Орнықты даму мақсаттарының Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында қамтылуын қамтамасыз ететін құқықтық негіз қалыптастырылған. Орнықтылық пен инклюзивтілік қағидаттары Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарының негізіне алынған. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев хабарлады.

Стратегиялық мақсаттарды жергілікті деңгейге бейімдеу Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары арқылы жүзеге асырылады.

«Қазақстан Республикасында Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі қолданыста. Осы жүйеге сәйкес Орнықты даму мақсаттарының ұлттық индикаторлары бағдарламалық және стратегиялық жоспарлау құжаттарына, соның ішінде өңірлік құжаттарға локализациялау арқылы енгізіліп жатыр», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің талдауы бойынша, олардың шамамен 94,2%-ы мемлекеттік органдардың Даму жоспарларына енгізілген, ал облыстардың даму жоспарларында өңірлер үшін өзекті индикаторларды қамту деңгейі 100%-ды құрайды. Орнықты даму мақсаттары қабылданған соңғы он жыл ішінде көптеген бағыттар бойынша оң динамика байқалып отыр.