"Астана әрдайым ауқымды жұмыстардың бастауында тұруы тиіс",-Қ.Тоқаев

Астана басқа аймақтарға үлгі болуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту жөніндегі кеңесте осылай деді. Алда атқарылар жұмыс көп.Сондықтан Президент мемлекеттік аппараттан батылдықты, жоғары қарқын мен нақты нәтижені талап етті. Халыққа әдемі есеп емес, нақты іс керек екенін айтты.  

Мемлекет басшысыTausogar зауытына барды. Кәсіпорын құрылыс саласын заманауи жүк көтергіш машиналармен және механизмдермен қамтамасыз етеді. Жоғары білікті 44 маман жұмыс істейді. Өндіріс орны жылына 200 лифт, 70 эскалатор және 70 мұнара кранын шығарады. 

Бұдан соң, Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының көрмесін аралады. Онда  винилді гипсокартон панелін шығаратын «Гипсовинил», өрт дабылдары, бейнекамералар мен домофондар өндіретін зауыт өнімдері көрсетілді. Президентке мемлекет-жеке меншік серіктестік қағидаты бойынша пайдалануға берілетін №2 Индустриалдық паркінің даму перспективасының жайы да баяндалды. Мұнда жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын және 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 100-ден астам жобаны іске қосу жоспарланып отыр. {КСМ:3 }Президент Besqaru зауытының жұмысымен де танысты. Компания жылына 200 бронды техника құрастырады. Олардың қатарында суды кешіп өте алатын, дөңгелекті Taimas8x8, Aibar 4x4 бронды машиналары, сондай-ақ Tulpar шынжыр табанды техникасы бар.Besqaru компаниясы өз өнімін Қорғаныс министрлігі мен басқа да күштік құрылымдарға арнап шығарады. Өндіріс алаңы биыл ақпан айында іске қосылды. Мемлекет басшысы бұдан соң Астананы дамыту жөніндегі кеңеске қатысты. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жан басына шаққандағы өңірлік жалпы өнім көрсеткіші көңіл көншітерлік. Жан басына шаққандағы өңірлік жалпы өнім көрсеткіші көңіл көншітерліктей. Oxford Economics 2025 индексіне тоқталайын. Бұл зерттеулер әлемнің ең ірі мың қаласын экономика, адам капиталы, тұрмыс сапасы, қоршаған орта және басқару санаттары бойынша бағалайды. Астана Азия құрлығында 36-орынға жайғасса, әлем бойынша 276-орынға тұрақтап, өңіріміздегі бәрімізге белгілі қалалардың алдына шықты.

Президент бас қаланы дамытуда Жапония тәжірибесіне сүйенуге шақырды. Астана әкіміне Smart City жобасын тездетіп аяқтауды тапсырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жақын арада Жедел басқару орталығы іске қосылады. Қаладағы бейнекамералардың жұмысы және басқа да қызметтер осы орталықтан басқарылады. Бұл жүйе түрлі қауіп-қатерге дер кезінде назар аударуға және келеңсіз оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Бас қаланы абаттандыру ісі де кейінге қалмайды. «Жаңа келбет» бағдарламасы аясында бес жыл ішінде шаһардың тарихи бөлігіндегі 150 ғимараттың қасбетін жаңарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар көшелер абаттандырылады.  Қасым-Жомарт Тоқаев қаладағы барлық жер айнадай жарқырап тұруы тиіс деді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Шеткері аудандарға да көңіл бөлу керек. Қаланы безендіру жұмыстарына бюджеттен бөлек демеушілер қаражатын да тартуға болады. Жаңа жылда кәсіпкерлеріміздің басын қосуды жоспарлап отырмын. Оларға тағы да үндеу жасаймын. Қатаң шаралар қабылдаймын. Түптің түбінде, Отанды сүю – ортақ борыш.

Мемлекет басшысы экологиялық мәселелерге де бас мән беруге шақырды. Қаланың таза болуы, жан-жақты жасыл желекке айналдырудың маңызы зор екенін айтты. Әсіресе, қалдықтарды өңдеу бойынша тапсырыма аяқсыз қалмауы тиіс. Қалада қоғамдық көліктерді көбейту керек.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Келеңсіз жайттар Астананың абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Қоғамдық көліктер ең алдымен тұрғындарға ыңғайлы болуы керек және уақтылы жүруге тиіс. Жеке көліктен гөрі автобуспен жүрудің тиімді болғаны жақсы. Сондықтан қоғамдық көліктердің санын көбейту қажет.

Мемлекет басшысы жеңіл рельсті көлік желісін ұзарту және Қабанбай батыр даңғылында екі деңгейлі жол салу ұсынысын қолдады. Жобаның құжаттарын келесі жылы әзірлеп, 2027 жылы құрылысты бастау қажет. Тәуелсіздік даңғылын ұзарту жұмысын жалғастыруды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев елордада жол-көлік оқиғаларының көбейгеніне алаңдаушылық білдірді

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Биылғы он бір айда Астанада жол-көлік оқиғасынан 675 бала зардап шеккен, бес бала қаза болған. Жұрт үйлердің арасында жаяу жүргіншілер жолағы, жылдамдықты шектеу белгілері жоқ деп шағым айтады. Мұның қандай себеппен болып жатқанын ешкім білмейді. Ауланы жарықтандыру мәселесі де өзекті. Мен өзім бұл мәселеге баса назар аударып отырмын.

Бұдан басқа, Президент құрылыс компанияларының жауапкершілігін күшейтуді тапсырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мысалы, таяуда тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы опырылып түсті. Тағы бір үйде лифт құлады. Екі жағдай да қайғылы оқиғаға әкеп соқтырды. Сапасыз материалдарды пайдалану, құрылысқа қатысты ережелерді және қауіпсіздік талаптарын сақтамау – нағыз қылмыс. Мұны ашық айтуымыз керек. Бұған мүлдем жол беруге болмайды.

Мемлекет басшысы сөз соңында еліміз тағдыршешті реформаларға қадам басқанын мәлімдеді. Сондықтан мұны еліміздің әрбір азаматы терең түсіне білуі тиіс деді.