Оралдық тұрғын алаяқтарға 1 млн теңгесін аударып жіберген

Алаяқтар аңғал тұрғындарды алдаудың жаңа амалын ойлап тапқан. Енді олар өздерін көпқабатты үйлерге домофон орнатып қызмет көрсететін компания өкіліміз деп таныстыруда. Осылай айласын асырғандар подъездің кілтін өзгертеміз деп оралдықтардың жеке деректерін сұрап, телефонына түскен SMS-кодты айтқызады. Бұдан кейін өздерін Ұлттық банк қызметкері ретінде таныстырып, тұрғынның 9 миллион теңгесін "қауіпсіз есепшотқа" аударуды ұсынады. Бірақ сауда орындарының күзетшілері уыс-уыс ақшаны терминалға тықпалаған тұрғынды тоқтатып, алаяқтардың жолын кесті.

ЕКАТЕРИНА ШУБИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Домофоныңызды мемлекеттік бағдарлама бойынша жеңілдікпен ауыстырамыз деп әлдекім хабарласты. Сөйлесіп отырып қалай алданғанымды білмей қалдым, сұрағанының бәрін айтып 1 миллион теңгеден астам ақшамды аударып жіберіппін. Бұған дейін тоңазытқышқа алған несиемді қиналып төлеп жүргем. Мынау жығылғанға жұдырық болды.

Ал домофон орнатушы компания абоненттік төлемнен басқа ешқандай ақша алмаймыз деп ақталып отыр. Дегенмен заңға сай, полиция тергеуді аяқтап, қылмыскер анықталғанша рәсімделген несие төленбейді. Бұл да жәбірленушілерге үлкен көмек.

АРТУР МҰСАҒАЛИЕВ, БҚО ПД КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Батыс Қазақстан облысы бойынша жәбірленушілерге 1 миллиард 800 миллионнан астам шығын келтірілді. Оның 377 миллионын қазіргі уақытта қылмыстық істі тергеу барысында қылмыскерлерге қайтарылды. 164 қылмыс өндіріспен аяқталып, сотқа жолданды. Қылмыстық істер бойынша 76 қылмыскер ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды.