Биыл Қазақстанда үш жаңа арнайы экономикалық аймақ пайда болды

Фото: ortcom.kz

Қазақстанда инвестиция тартудың тиімді тетіктерінің бірі – арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар. Бұл аумақтардың инвесторлар үшін тартымды болуы, ең алдымен, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларына байланысты. Сол себепті АЭА және ИА туралы заңнаманы жетілдіру мәселесі әрдайым өзекті және оны тұрақты түрде жаңартып отыруды қажет етеді, деп хабарлайды ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.

 

 

 

2024 жылдан бастап елде сапалы жобаларды тартуға бағытталған «инвестиция көлемі артқан сайын берілетін жеңілдіктер де көбейеді» қағидаты бойынша жеңілдіктер ұсынудың сараланған тәсілі қолданысқа енгізілді. Сондай-ақ өңдеуші өнеркәсіп жобалары үшін пайдалануға берілген сәттен бастап үш жыл өткен соң АЭА аумағындағы жер учаскелерін мерзімінен бұрын сатып алу тетігі енгізілді. Бұл шаралар әлеуетті инвесторлар үшін АЭА-ның тиімділігін арттырды.

Осы өнеркәсіптік аумақтарды одан әрі дамытуға бағытталған шаралар қабылданып жатыр.

«QazIndustry» АҚ АЭА мен ИА дамыту дирекциясының хабарлауынша, 2025 жылы Қазақстанда үш жаңа АЭА құрылды – «Қорқыт Ата», «Ақтөбе» және «Атырау». Сонымен қатар, «Turan», «Морпорт Ақтау», «Павлодар», «Хоргос-Шығыс қақпасы», «Сарыарқа», «Jibek Joly», «Қызылжар» және «Ұлттық индустриялық мұнайхимиялық технопарк» АЭА аумақтары кеңейтілді.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Үкімет әуежайларды дамыту және мультимодальды әуежай хабтарын құру мақсатында «Морпорт Ақтау», «Оңтүстік», «Астана-Технополис», «Сарыарқа» және «Alatau» АЭА аумақтарын кеңейту туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, «Морпорт Ақтау», «Jibek Joly», «Alatau», «Хоргос-Шығыс қақпасы», «Ақтөбе», «Қорқыт Ата», «QYZYLJAR» және «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА қызметінің басым салалары кеңейтілді», – делінген хабарламада.

Мұндай шаралар инвестицияларды тартуға, жаңа жұмыс орындары мен өндірістерді құруға, сондай-ақ инновациялық технологияларды енгізуге ықпал етеді.

Заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс жалғасуда. Ол қолайлы инвестициялық ахуалды құруға, өңірлерді дамытуға және ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Мемлекет қабылдайтын барлық шаралар бизнесті дамыту, инвестицияларды, жоғары технологиялық салаларды тарту және қосылған құны жоғары өндірісті ынталандыру үшін қолайлы жағдайлар жасайды.

Қазіргі таңда Қазақстанда 17 АЭА және 67 ИА бар.